ОРДАБАСЫЛЫҚ ӨНЕРЛІ ӨРЕНДЕР ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

Ордабасы ауданының өнерлі өрендері республикалық деңгейдегі кезекті додада тағы бір рет өздерінің талантын дәлелдеп, аудан мерейін үстем етті. Республикалық “Шабыт.kz” шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған байқауда Ордабасы аудандық өнер мектебінің оқушылары Алмасхан Айсәуле мен Бегалы Айару І орынды жеңіп алып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Бұл байқау еліміздің әр өңірінен жиналған жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін анықтауға, дарынды балаларды қолдау мен ынталандыруға бағытталған. Әр қатысушы өз өнерін жарқырата көрсетуге тырысады. Солардың ішінде Айсәуле мен Айарудың сахнадағы сенімділігі, орындаушылық мәдениеті мен дайындық деңгейі ерекше көзге түсіп, бірінші орынға лайық деп танылды. Жас өнерпаздардың жеңісі — олардың табиғи қабілетімен қатар, жүйелі дайындық пен еңбектің нәтижесі. Сахнада өзін еркін ұстауы, музыкалық туындыны сезіне отырып жеткізе білуі, көрерменге эмоция бере алуы — олардың кәсіби деңгейінің өсіп келе жатқанын байқатты. Бұл жеңіс олардың алдағы шығармашылық жолына үлкен серпін беретіні анық. Айсауле мен Айарудың табысты өнер көрсетуіне ең алдымен олардың ұстаздары К. Молдашимова мен А. Сметованың еңбегі зор. Ұстаздар шәкірттерінің қабілетін дер кезінде байқап, кәсіби бағыт-бағдар беріп, байқауға тыңғылықты дайындады. Музыкалық білім берудегі тәжірибесі мен шәкірт тәрбиелеудегі жауапкершілігі олардың еңбегінің нәтижесін айқын көрсетті.
Байқауды ұйымдастыру алқасы ұстаздардың бұл еңбегін ерекше бағалап, К. Молдашимова мен А. Сметованы “Алғыс хатпен” марапаттады. Бұл марапат – ұстаздардың кәсіби деңгейін ғана емес, жас таланттарды қолдаудағы үздік жұмысының да дәлелі. Шәкірт пен ұстаз арасындағы өзара сенім мен еңбек үйлесімі үлкен нәтижеге жеткізетіні тағы бір мәрте дәлелденді. Ордабасы аудандық өнер мектебі соңғы жылдары түрлі байқауларда жоғары орындар алып, жас өнерпаздардың шығармашылық мүмкіндігін ашуға кең жол ашып келеді. Музыка, хореография, көркемөнер бағытында білім беретін бұл мектеп аудан жастарының өнерге деген қызығушылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Жас таланттардың республикалық деңгейде топ жарып, аудан атын асқақтатуы – жергілікті өнер мектебінің де, ұстаздардың да еңбегінің жемісі. Бұл жеңіс алдағы уақытта да өнерлі өрендерге мотивация болып, жаңа белестерді бағындыруға жол ашады.









