Жалақыны көбейту, бизнесті қолдау және білім беруді жақсарту: Президенттің жолдаулары қалай іске асырылды
1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялайды. Оның негізгі бөлігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналады деп күтіледі. Жолдау қарсаңында Мемлекет басшысының 2021 жылғы қыркүйек және 2022 жылғы наурыздағы Жолдауларының іске асырылуы қазақстандықтардың өміріне қалай әсер еткені туралы шолу дайындалды, деп хабарлайды Alashinfo.kz ақпарат агенттігі.
Жалақыны және әл-ауқатты арттыру
Президенттің қыркүйек айындағы жолдауын орындаудың алғашқы және негізгі қадамдарының бірі 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін (ЕТЖ) 60 мың теңгеге дейін көбейту болды. Бұл көрсеткіш 2018 жылдан бері 42 500 теңгеден көтерілмеген.
Бұл шара елдегі шамамен 1,7 млн қазақстандықтың табысын ұлғайтуға мүмкіндік берді, олардың экономикалық белсенділігі мен сатып алу қабілетін арттырды. Сонымен қатар биыл әлеуметтік төлемдер екі рет индексацияланды. Бұл 4,1 млн адамға әсер етті, оның 2,2 миллионы – зейнеткерлер.
Жалпы мультипликативтік әсердің арқасында ЕТЖ ұлғаюы елдің экономикалық дамуының көптеген көрсеткіштеріне оң әсерін тигізді. Сондай-ақ 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақыларын кезең-кезеңмен жыл сайын орта есеппен 20%-ға арттыру басталған. Аталған шара 600 мыңға жуық адамды қамтыды, олардың ішінде бухгалтерлер, экономистер, заңгерлер, мұрағатшылар, кітапханашылар, музейтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және т.б. бар.
Ал 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам азаматтық қызметші, оның ішінде ұстаздар, дәрігерлер және әлеуметтік сала қызметкерлері жалақысының артқанын атап өткен жөн.
Азаматтардың әл-ауқатына әсер еткен тағы бір үлкен қадам бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға ынталандырудың шаралар кешенін әзірлеу болды. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы он жылда еңбекақы төлеу қорының өсімі кәсіпорын иелері табысының өсімінен шамамен 60%-ға артта қалған.
Осы жұмыс аясында микро және шағын кәсіпкерлік үшін жүктемені 34-тен 25%-ға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу, реттелетін сатып алуға қатысу жөніндегі талаптардың өзгеруі, сондай-ақ жалақыны өсіретін кәсіпорындарды мемлекет тарапынан қолдау көзделген.
Зейнетақы жинақтарын тиімді пайдалануды жақсарту
Жолдау аясында азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін (ең төменгі жеткіліктілік шегінен жоғары) «Отбасы банк» АҚ-дағы шоттарға аударуға және кейіннен тұрғын үй сатып алуға құқық беру сияқты мүмкіндіктерге ие болды. Бұл идеяны іске асыру үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша жаңа нормаларға сәйкес енді азаматтар тұрғын үй құрылыс жинақтарын толықтыруға, жеке үй салу үшін жер учаскесін сатып алуға немесе өзінің жер учаскесінде жеке тұрғын үй салуға мүмкіндік алады.
Бүгінде 172 мыңнан астам адам 270 млрд теңгеге депозит толықтырып, кейіннен ипотекалық тұрғын үй қарыздарын рәсімдеді.
Жалпы 2021 жылдың қаңтарынан бастап 2022 жылдың шілдесіне дейін Президент бастамасының арқасында 1,7 миллионнан астам азамат 3,4 трлн теңге зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдаланды. 1,3 миллионнан астам қазақстандық оларды тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағыттады.
Дарынды балаларды және жалпы білім беру саласын қолдау
Қазір президент жолдауын іске асыру аясында жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық пәндік олимпиадалардың, шығармашылық конкурстар мен спорт жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қолдауға бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді. Енді олар конкурсқа қатыспай-ақ, жоғары оқу орнына түсу үшін грант ала алады (жыл сайын 16 негізгі бағыт бойынша 80 жүлдегер).
Сонымен қатар халықаралық пәндік олимпиадалар жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтарға біржолғы ақшалай сыйақы төленеді. Мысалы, алтын медаль иегері 1 500 АЕК (шамамен 4,5 млн теңге) мөлшерінде, ал оны дайындаған педагог базалық лауазымдық жалақының 26,5 еселенген мөлшерінде төлем алады.
Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін кемінде 1 000 жаңа мектеп салу жұмыстары басталды, бұл апаттық және үш ауысыммен оқытатын мектептерді жоюға, сондай-ақ жалпы оқушы орындарының жетіспеушілігін жоюға көмектеседі.
Мәселен, өткен жылы 163 мың балаға арналған 277 мектеп салынды, ал 2022 жылы тағы 225 мектепті іске қосу жоспарланған, оның ішінде 22,2 мың оқушыға арналған 49 мектеп салынды.
Бизнесті қолдау
Қазақстанда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында тауар өндірушілер жеңілдікпен несие ала алады. Оны қаржыландыру 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Бағдарлама халық тұтынатын тауарлардың бәсекеге қабілетті отандық өндірістерін құруға, азаматтарды қажетті заттармен қолжетімді бағамен (киім, аяқ киім, жиһаз, ыдыс-аяқ және басқа да тұрмыстық заттар) қамтамасыз етуге, сондай-ақ импортты алмастыруға бағытталған. Соңғы үш жылда бағдарламаға қатысушылар жергілікті өнім шығаруды орта есеппен 33%-ға ұлғайтты, 67 мыңға жуық жұмыс орны сақталып, құрылды.
Жаңа облыстардың құрылуы
Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет Абай (әкімшілік орталығы – Семей қаласы), Ұлытау облыстарын (әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы) құру, сондай-ақ Алматы облысын Жетісу (әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы) және Алматы облыстарына (әкімшілік орталығы – Қонаев қаласы) бөлу жөнінде шаралар қабылдады. Қапшағай қаласының атауы халықтың қалауымен Қонаев деп өзгертілді.
Сарапшылардың пікірінше, аталған шешімдерді іске асыру мемлекеттік басқару мен жергілікті жерлерде жоспарлау сапасын едәуір арттырады, инвестициялық жобаларды іске қосуды, жұмыс орындарын құруды және инфрақұрылымды жақсартуды қоса алғанда, жаңа облыстар мен әкімшілік орталықтардың экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін береді.
Ұлттық құрылтайдың құрылуы
Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалғастыру ретінде Ұлттық құрылтайды жандандыру туралы шешім қабылдады. Бұл азаматтарды толғандыратын барлық мәселе туралы диалог ретінде қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылын бекіту мақсатында жасалып отыр.
Оның құрамына белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, депутаттар, қоғамдық пікір көшбасшылары, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар және т.б. кірді. Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы оны құру туралы Жарлыққа қол қойылғаннан кейін бірнеше күннен соң өтті. Онда елімізде жаңа реформаларды жүзеге асыру, жалпыұлттық құндылықтарды сақтау және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелері талқыланды.
Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтайдың негізгі міндеті – ұлтты біріктіретін ұтымды, тың идеялар мен ұсыныстарға ерекше назар аудару. Онда қатысушыларды ауыстыру принципі қарастырылған, бұл құрылтай жұмысына кезең-кезеңмен жаңа тұлғаларды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар арнайы онлайн-платформа құрылды, оған барлық қазақстандықтар өз ұсыныстарын жібере алады.