Қостанай облысындағы өртке байланысты гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылады

0

Қостанай облысында болып жатқан өртке байланысты «Amanat» партиясының өңірлердегі филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылады. Бұл туралы партия төрағасы Ерлан Қошанов өз Facebook парақшасында жазды. 

«Қадірлі отандастар! Қостанай облысында болып жатқан табиғи апат баршамызды алаңдатып отыр. Жағдай мемлекет басшысының жеке бақылауында. Ертең партия мүшелері мен «Жастар Рухы» қатарынан волонтерлер жасақталып, апаттан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсететін болады. Бұдан бөлек таңертеңнен бастап «Amanat» партиясының өңірлердегі филиалдарында гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылады. Жағдайдың тезірек тұрақталуын тілейміз. Біз қостанайлықтармен біргеміз және бұл сынақтан бірге өтеміз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», — деп жазды ол. Айта кетейік, осыған дейін Қостанай облысындағы табиғи өрттен 10 адам зардап шегіп, 108 құрылысқа зақым келгенін жазған едік. Сондай-ақ, президент төтенше жағдай салдарын жоюға қажетті қаражат бөлуді тапсырған болатын.


ПІКІР ЖАЗУ