Қостанай облысында өрт аумағы 43 мың гектарға дейін ұлғайды
Төтенше жағдайлар министрі Юлий Ильин «Хабар 24» арнасындағы брифинг барысында Қостанай облысындағы жағдайды баяндады. Ол екі тәулік бойы өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан өңірде өрт аумағы айтарлықтай ұлғайғанын айтты.
«Өрттің жалпы ауданы 43 мың гектардан асады, оның 106 мыңы осы орман шаруашылығының орман қоры. Өрт шығуы мүмкін 8 белсенді ошақ бар», – деді ТЖМ басшысы. Министрдің айтуынша, өрттің елдімекендегі тұрғын-үй құрылыстарына таралуына жол бермеу мақсатында үш жауынгерлік учаске құрылған, онда ТЖ министрлігінің бөлімшелері, сондай-ақ жұмылдырылған күштер мен құралдар белсенді жұмыс жүргізуде. Осы тұста министрлікке «Қазақстан темір жолы» бөлімшесі үлкен көмек көрсеткен. «Аманқарағай ауылындағы мұнай базасында жарылыс қаупі туындаған еді. Өрт сөндіру пойыздарының көмегімен тиісті шаралар қабылданды: өрттің таралуына жол берілмеді, қайғылы салдардың алды алынды», – деді ТЖМ басшысы.
Министр қазір өртпен күреске жұмылдырылған қызметкерлер саны белсенді түрде артып келе жатқанын айтты. Соның ішінде Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық Ұлан бөлімшелері тартылуда. Олар өрт салдарын одан әрі оқшаулауға және жоюға көмектеседі.