Қостанай облысында өртке байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін
Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы Қостанай облысындағы өртке қатысты тың мәлімет ұсынды.
Қазіргі уақытта 2 елдімекенде, М-36 республикалық тас жолының бойында, сондай-ақ орман аймағының 8 учаскесінде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл іске 159 бірлік техника, 5 әуе кемесі, 5 өрт пойызы, жеке құрамның 1332 адамы жұмылдырылған. Аманқарағай, Лесное, Озерное елдімекендерінде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Озерное, Аманқарағай, Калинино және Лесное ауылынан 1841 адам эвакуацияланған. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастырды. ТЖМ жедел желісі ашылды, ТЖМ мен Қостанай облысының ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылды. Новонежинка ауылында ТЖМ 52859 әскери бөлімінің күшімен зардап шеккен халықты қабылдау үшін 9 шатыр ашылды. 10 адам жарақат алды, оның ішінде төртеуі орталық аудандық ауруханада, алтауы көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Өрт сөндіру кезінде құтқарушылар 1935 жылы туған ер адамның мәйітін тапты.
Қостанай облысының әкімдігі жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды жариялау мәселесін пысықтауда. 4 қыркүйектегі «Қазгидромет» РМК деректері бойынша Қостанай облысы Әулиекөл ауданының аумағында жоғары температура 28 градусқа дейін, желдің жылдамдығы 9 м/с дейін сақталады. Бүгін сағат 6:50-де Алматы қаласынан Қостанай облысына суағар құрылғылары бар ТЖМ 2 тікұшағы ұшты. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында Қорғаныс министрлігінің суағар құрылғылары бар 3 тікұшақ дайын тұр. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында мәжіліс депутаттарының ұсынысымен гуманитарлық көмек жасақталуда.