Димаштың жанкүйері: Әншінің туындыларын тыңдаған 9 жасар аутист бала сөйлеп кетті

0

Димаш Құдайбергеннің әндерін тыңдаған 9 жасар Габриел атты ұл бала сөйлеп кеткен. Дертіне байланысты тілі шықпаған балақай үйінде интернетті қосып, Димаш Құдайбергеннің француз тіліндегі SOS әнінің бір сөзін бұзбай орындайды. Осыны көрген анасы баласын Димаш Құдайбергенмен кездестіріп, ал әнші кездесуде Габриелге өз шапанын жапқан. 

Альмира Ерболаттың айтуынша, Димаштың фанаттарының ішінде Нэнси есімді әйелге назары түскен. Ол әншімен АҚШ-тағы кездесуге науқас ұлын алып бара жатқанын естиді. «Оның есімі Нэнси. Габриел атты ұлы аутизммен ауыратындықтан, тоғыз жасына дейін тілі шықпапты. Сөйлегені екі жасар балаға ұқсаған. Ол баласын жалғыз өзі асырап-жеткізуде. Бірде баласының үйде интернетті қосып қойып, Димаш Құдайбергеннің француз тіліндегі SOS әнін бір сөзін бұзбай орындап тұрғанын көрген анасы өз көзіне өзі сенбепті. Сол күннен бастап ол Димаш деген қазақ әншісі бар екенін біледі. Күн өткен сайын оның “репертуарындағы” Димаштың әндерінің қатары көбейе түсуде. Димаш қай тілде ән айтса, соны жаттап алады. Арасында орыс, қытай, қазақ әндері де бар. Сол Димаштың әнін үйренген уақыттан бері, бір жыл өтіпті. Содан бері баланың тілі шыға бастаған. Күндіз-түні тыңдайтыны Димаштың әндері екен», — деді Альмира Ерболат. Бұл оқиғаны естігеннен кейін қазақ қызы дертті баласына шипа іздеген анаға демеу бергенін де айтады. «Біздің Димаш басқа адамдарға ұқсамайды, ол Габриелді көріп қуанады. Баланы алаңдамай алып келе беріңіз», – деп дем берген ол Нэнсиге. Альмираның айтуынша, сол күні жанкүйерлері әншіні Лас-Вегас әуежайынан таппай жүргенде, бірінші болып Габриел тауып алған. «Димаштың әуежайда екенін білгенімізбен, оны таба алмай, әрі-бері жүгіріп, біраз іздедік. Габриел Димашты көпшілік ішінен бірінші болып тауып алды. Сүйікті әншісі өзіне қарай жүгірген кішкентай баланы құшақтап, 10 секундтай тұрды. Бірақ ол баланы өзіне байлап тұрған бір тылсым барын әнші ол кезде әлі де білмейтін еді. Димаш жанкүйерлерімен дидарласып, олардың сұрақтарына жауап беріп, 15 минуттай жанымыздан табылды. Бір сәтте Нэнси сөйледі. Ұлы Гарбиел тоғыз жасқа дейін дұрыс сөйлей алмағанын, Димаштың әндерін тыңдағаннан бері сөйлеу мәнері жақсарып қалғанын айтып, толқыныспен көзіне жас алды. Осыны естігенде Димаш өзі ұзақ жолдан шаршап-шалдығып жеткеніне қарамай, орнынан тұрып балаға қарай жүрді. Габриелді мейірімге, ерекше жылылыққа толы құшағына қысты. Сәл кідіріп, сәлден соң «Менде қазір саған беретін ештеңе жоқ екен. Саған сыйлығым осы болсын» деп үстіндегі костюмін шешіп, Габриелдің арқасына жапты», — деп баяндады қазақ қызы Димаш пен Габриелдің кездесуін. Альмира Ерболаттың айтуынша, Нэнси ұлын ертіп Димаштың 23 қыркүйек күні Алматыда болатын концертіне де келеді екен.


ПІКІР ЖАЗУ