ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің оқу-жаттығулары Қазақстанда өтеді
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің оқу-жаттығулары Қазақстанда өтеді.
Жаттығулар Жамбыл және Алматы облыстарында өтеді. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады.
«Өзара іс-қимыл-2022», «Поиск-2022», «Эшелон-2022» оқу-жаттығулары 2022 жылғы 26 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді.
«Осыған орай, 22-30 қыркүйек аралығында елімізге ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери контингенттері келеді. Олардың қозғалысы әртүрлі тәсілдермен: теміржол, әуе көлігі және доңғалақты әскери техникамен жүзеге асырылады.
Әскери контингенттердің қозғалысы кезінде коменданттық қызмет, әуе шабуылына қарсы қорғаныс және жан-жақты қамтамасыз ету мәселелері пысықталады”, – делінген министрліктің хабарламасында.