Заманауи тәрбие: ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар

0

«Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады»                             (с) Ахмет Байтұрсынов

Бала тәрбиесі біздің ұлт үшін әрқашан маңызды. Қоғам алдындағы ең үлкен әрі парызды міндет ол – ұрпақ тәрбиесі, ал ұлттың ұлт ретінде ұлылығын сақтап қалатын үрдістер, салт-саналы, салауатты, ақыл-парасатты, ұлтжанды, рухты, білімді, өрісі кеңейген тұлғаны тәрбиелеумен тікелей байланысты. «Бала нені білсе жастан, ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген нақылдың астары терең. Бүгінгі біз тыныстап отырған қоғамда тамыры сонау тереңде, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, саналы тәлім-тәрбие құндылықтарымыз заманауи тұрғыда өзекті мәселеге айналып отырғанын жасыра алмаймыз. Қашанда тәрбиедегі өзекті мәселелер қоғамның, ата-ананың ұрпақ алдындағы парыз, борышы орындалмағанда көрініс табатыны ақиқат. Рухани-адамгершілік білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы баланың қоғамда өз орнын табуына, сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.

Көрнекті педагог К.Д.Ушинский: «…Тәрбиешінің жеке басының жас жанға ететін ықпалы оқулықтарменде, жақсы әдет-ғұрыпты құлаққа сіңіретін мадақтау жүйесімен ауыстыруға көнбетін тәрбиелеушілік күшке ие[1],-«деген екен. Тәрбиеші ретінде ертеңгі келешегіміз саналатын балаларымыздың болашақ өміріне, бүгінгі тәрбиесіне бей-жай қарай алмайтын, алаңдайтын педагог ретінде, алдымыздағы тәрбиеленушілерге білім нәрімен бірге тәрбие дәнін егіп, бала бойынан жақсы қасиеттер мен мүмкіндіктерін ашуға, тәрбиені дұрыс қабылдай алуға және дағды, қабілеттерінің қалыптасуына ықпал жасау педагогикалық міндетім деп білемін. Қай халықты алсақ та адам болмысындағы құндылықтар өзекті мәселелерді туындатып отырады, сол арқылы екшеленеді, заман ағымы жаңашылдыққа ұмтылған сайын сана да өзгереді. Тәрбиенің түп тамыры – ұлтты қадірлеу, ұлттық әдет-ғұрыпты дамыту, ұлттық дәстүрді жандандыру, ұлтаралық достық қарым-қатынасты нығайтуға үйрету. Сабақ та, тәрбие де осы бағытта болса ғана баланы ортаға қарап тәрбиелеген боламыз, сонда ғана оның адамгершілігі қалыптасады. Бүгінгі заманауи тәрбие еншісіндегі өзекті проблемаларға тоқталар болсақ, халқымыздың ұлттық танымы асыл қасиетке бай адами құндылығымыз, саф алтындай қазақи төл мәдениет, көркемөнер, айшықты тәлім-тәрбиеміз т.с.с барлығы баланың жүрегіне, жанына, санасына бек орнығуы үшін ұлттық тәлім-тәрбиенің іргетасын қалаған ғалымдарымыздың еңбектерін адастырмас темірқазық етіп алуымыз керек. Айталық, әрбір педагогикалық тәжірибе практика мен ғылымнан бастау алатынын ескерсек, Қазақстанда ұлттық білім беру жүйесінің негізін қалаған, ұлттық тәрбие мен таным мұраттарға негізделген «Халықтық педагогика», «Ұлттық этнопедагогика» негіздерін салған қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлері, ғұлама ғалымдарымыз, алаш арыстары А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаевтың еңбектері тәлім-тәрбиеге, асыл мұраларға бай тұнып тұрған дайын энциклопедия[2]. Осы дүниелерімізді жаңғырту, этнопедагогика саласын жандандыру, оны жүзеге асыру бүгінгі күннің талабы. Жалпы адамзаттық құндылықтар жеке тұлғаның бойында өмірге келген сәтінен бастап бірге дамиды, жасы ұлғайған сайын қоршаған ортасына сәйкес бірге қалыптастады. Жалпы адамгершілік құндылықтардың мәні мен мазмұндары көне заманнан бүгінге дейін философия, әлеуметтану, мәдениеттану, этика, эстетика, психология, педагогика ғылымдарында кеңінен қарастырылып, қоғам ерекшеліктері мен сұраныстарына орай талданып, жүйеленіп келеді. Тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған идеялар құндылықтар деп аталады. Оларға: шындық, қайырымдылық, тұлға, бостандық, махаббат, шығармашылық және т.б. жатады. Құндылықтар сезім арқылы қабылданады, сана арқылы түсінуге болады. Соның нәтижесінде тұлға құндылықты игереді де, іс-әрекет етеді. Осы аталмыш құндылықтардың бастау көзі халықтың мол мұрасында. Ол мұра – халық пайда болғалы онымен бірге жасасып, бірге дамып келе жатқан құнды дүниелер.

Рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда маңызды тәрбиелік міндеттер:

-біріншіден, рухани-адамгершілік, руханилық, әсемдік, ақиқат, ізгілік, еркіндік, рахымшылдық, кешірімділік, тәуелсіздік сияқты жалпыадамзаттық құндылықтардың өмірге еркін ене бастауы;

— екіншіден, жалпыадамзаттық құндылықтармен қатар, ұлттың өз мәдениетін меңгере отырып, әлемдік рухани ынтымақтастық рухта басқа ұлттармен бейбітшілікті сақтау;

-үшіншіден, оқушылардың белсенді өмірлік позициясын, жан дүниесін адами құндылықтар арқылы рухани-адамгершілік пен руханилықты берік орнықтыру.[3]

Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген парасатты азамат тәрбиелеп өсіру—күн талабы. Осы талапты орындауда мектептің рөлі өте зор. Бала біздің болашағымыз. Мектепте бала тәрбие мен білімді ала отырып, шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыра алады. Баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруда ойын түрлерін ұйымдастыру мен еңбексүйгіштікке тәрбиелеу жоғары нәтиже береді. Балалардың өзі-өзіне қызмет ету, үлкендерге көмектесуі олардың жеке тұлға ретінде дамуының көрсеткіші. Балаларды жалпыға міндетті білім беру стандартына сай оқыту мен тәрбиелеу, салауатты өмір салтын ұстанатын, денсаулығы мықты, парасатты да, инабатты ұрпақ етіп тәрбиелеу. Әр баланы бүлдіршін кезінен адамгершілікке, имандылықпен мәдени-гигиеналық машықтарды қалыптастыруға, Отанын сүюге баулу. Әр түрлі мерекелік шаралар бала сезіміне ерекше әсер ететін, оны игілікті мінез-құлыққа тәрбиелейтін қайырымдылық әрекеттерге бағыттайтын маңызға ие болу керек.[4]

Қоғамымыздағы кездесетін келеңсіздіктер, тілден, діннен, арбау мен алдау, кісі өлтіру мен ұрлық, әділетсіздік пен қайырымсыздық, нашақорлық атаулыға тосқауыл болатын жол табу қажеттігі туындағанда біз тағы да халық педагогикасына сүйенген ұлттық тәрбиеге ораламыз. Қазіргі заманға лайықты еркін ойлайтын азаматты тәрбиелеу үшін адамда :

— жоғары деңгейдегі азаматтың өзіндік пікірі;

— жеке басы абыройын жоғары ұстау;

— өз ісіне жауапкершілігі;

— өзіндік жеке пікір тәуелсіздігі;

— өмір сүру аясын еркін таңдауы т.б;[5]

Қорыта айтқанда, еліміздің келешектегі тағдыры біз тәрбиелеп отырған ұрпақтың патриоттығы мен азаматтылығына байланысты. Ұлттық құндылыққа негізделген бабалар сөзін бағдар етіп ұстансақ бала тәрбиесінде баршамыздың жоғарғы жетістіктерге жететінімізге күмән жоқ.

   Пайдаланған әдебиеттер:

Нұрышева Г. Ж. Адам өмірінің философиялық мәні. —Алматы. 2001

Самопознание журналының жинағы, 2013—2014жж

Қ Р Білім туралы заңы. – Егемен қазақстан.- 2007. – 15 тамыз.

Нұрышева Г.Ж. Адам өмірінің философиялық мәні. — Алматы. 2001

С.Қабдиева. Ұрпақ тәрбиесіндегі адамгершілік мәселелері. //Бастауыш мектеп, №2, 2005. –Б.26-29.

Абильдина Айзада Избасарқызы, 

10 арнайы мектеп интернаты, 

Қарағанды облысы, Балқаш қаласы. 


ПІКІР ЖАЗУ