АСТАНАНЫҢ ЕҢ ҚЫМБАТ МЕКТЕПТЕРІНДЕ ОҚУ ҚАНША ТҰРАДЫ?

0

Әр ата-ана баласының сапалы білім алғанын қалайды, оның бір жолы — жеке мектепке беру, ал онда білім ақылы. 

Бүгінде елордада 169 жалпы білім беретін мектеп бар, оның 101-і — мемлекеттік, 7-еуі — республикалық және 61-і — жекеменшік мектеп.

Айта кететін жайт, жекеменшік мектептерде сынып жоғарылаған сайын оқу ақысы да өсе түседі. Оқу құнының ішіне мектеп формасы, оқулықтар мен қосымша білім беру бөлімдері, кейде тамақтану ақысы кіреді.

Елордадағы ең қымбат мектептердің бірі — QSI халықаралық мектебі, онда оқу ақысы — жылына 12 миллион теңге. Сонымен қатар, оқуға түсу кезінде әр оқушыдан 140 мың теңге мөлшерінде жарна жиналады.

Көпке танымал Haileybury халықаралық мектебі бастауыш сыныптарды 9 миллион 50 мың теңгеге оқытады. Британдық оқу бағдарламасын ұсынады. Бұдан басқа, 45 мың теңге тіркеу жарнасын және 450 мың теңге мөлшерінде кепілдік жарнаны төлеу қажет.

Тағы бір Spectrum халықаралық мектебінде 1-5 сынып оқушыларының жылдық оқуы 6 миллион 550 мың теңге тұрады.

«Мирас» халықаралық мектебіндегі білім беру қызметінің бағасы — жылына 4 миллион 250 мың теңге, ал түсу жарнасы — 400 мың теңге.

Astana Garden school бастауыш сыныптарында, халықаралық бағдарламасы бар жекеменшік мектепте оқу құны — 4 миллион 100 мың теңге. Алғашқы жарна — 500 мың теңге.

Бірінші сынып оқушысының NURORDA мектеп-лицейінде оқу құны — 3 миллион 800 мың теңге. Одан бөлек, күніне үш рет тамақтанғаны үшін 595 мың теңге төлеуге тура келеді.

Астанадағы Tamos Space School ғарыш мектебінде балаңызды 3 миллион 78 мың теңге төлеп оқыта аласыз. Айта кетерлігі, оқу ақысы ішіне мектеп формасы, тасымалдау және қосымша үйірмелер кірмейді. Алғашқы жарна — 300 мың теңге.

MILESTONE жан-жақты даму мектебі бірінші сынып оқушыларына 2 миллион 90 мың теңгеге білім береді. Сондай-ақ, оқу жылына біржолғы төлем кезінде 100 мың теңгеге жеңілдік беріледі.

Флагман физика-техникалық лицейі өз кезегінде жылына 1 миллион 950 мың теңгеге білім беру қызметін ұсынады.

Ал, «Центральная» жеке экономикалық мектебінде оқу ақысы — жылына 1 миллион 800 мың теңге. Бастапқы кіру жарнасы — 300 мың теңге. Балаларды тасымалдауға айына 54 мың теңге төлеу керек.


ПІКІР ЖАЗУ