КАНАДА МЕН ҮНДІСТАН САЯСИ КІСІ ӨЛІМІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАНЖАЛҒА ТАП БОЛДЫ
Сикхтердің жетекшісі Хардип Сингх Ниджардың Канада аумағында өлтірілуіне байланысты Үндістан мен Канада арасында халықаралық жанжал шықты, деп хабарлайды CNN.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдо елдің барлау қызметтерінде Ниджардың өлімін Үндістанмен байланыстыратын «сенімді» дәлелдер бар деп мәлімдегеннен кейін Канада Үндістанның жоғарғы дәрежелі дипломаты Паван Кумар Райды елден шығарды.
«Соңғы бірнеше апта ішінде Канаданың қауіпсіздік қызметі Үндістан үкіметінің агенттері мен Канада азаматы Хардип Сингх Нижардың өлімі арасындағы ықтимал байланыс туралы сенімді мәлімдемелерді белсенді түрде зерттеді», — деді Трюдо дүйсенбі күні Парламентте.
Сонымен қатар, оның үкіметі «осы кісі өліміне қатысы бар адамдарды жауапқа тарту» үшін бүкіл тиіс шараларды қабылдайтынын айтты.
Канаданың сыртқы істер министрі Мелани Джоли үндістандық дипломаттың елден шығарылғанын растады, ол да Ниджардың Канададағы үнді барлау қызметінің басшысы екенін атап өтті.
Ниджар британдық Колумбия провинциясындағы көрнекті сикх көшбасшысы болған. Жергілікті полицияның мәліметінше, оны осы маусымда Суррейдегі сикх храмының жанында бетперде киген екі қарулы адам жүк көлігінде атып өлтірген.
Оның қазасы жүз мыңдаған адамнан тұратын Канададағы сикх қауымдастығын дүр сілкіндіріп, ашуына тиді.
Бірнеше жыл бұрын Үндістан Ниджарды сикхизм сепаратистік қозғалысының мүшесі деп атап, террористік қауіп төндіруі мүмкін екенін жариялаған.
Трюдо сонымен қатар өткен аптада G20 саммитінде Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен жеке сөйлескенде Ниджардың өлімі мәселесін көтергенін айтты.
«Кез келген шетелдік үкіметтің Канада жерінде канадалық азаматты өлтіруге қатысуы — біздің егемендігімізді бұзу болып саналады», — деді ол.
Айта кетейік, әзірге канадалық полиция Ниджардың өліміне қатысты ешкімді қамауға алған жоқ.
Сейсенбіде Үндістанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Канада премьер-министрінің талаптарын жоққа шығарды, деп хабарлайды BBC News.
«Үндістан үкіметінің Канададағы қандай да бір зорлық-зомбылық әрекетіне қатысы бар деген айыптаулар ақылға қонымсыз», — деді Үндістан министрлігі.