ШЫМКЕНТ: ҚАУІПТІ АУРУДЫҢ ТАРАЛУЫ БӘСЕҢДЕДІ
Шымкентте соңғы бір аптада қызылша ауруының таралуы бәсеңдеді. Қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына түскен науқастардың саны соңғы жеті күнде 37,3%-ға төмендеген.
Сондай-ақ жедел медициналық жәрдем станциясына қызылшаға күдікті қоңыраулардың түсуі 125-тен 94 қоңырауға дейін (24,8%-ға) азайды. Қызылша бойынша іс-шараларға қатысқан 1 144 медицина қызметкері оқытылды, оның ішінде маман қосымша жаппай иммундау бойынша оқытылды. Халықты қызылшаға қарсы міндетті вакцинациялау қажеттігін түсіндіру үшін 8 729 аула аралау, 6 209 ақпараттық-түсіндіру әңгімелесу, діни қоғам өкілдерінің қатысуымен 174 дөңгелек үстел өткізілді. Нәтижесінде, ата-аналар иммунопрофилактика мәселелері бойынша емханаларға жиі жүгіне бастап, балаларды жоспарлы вакцинациямен қамту көрсеткіші 80%-ға ұлғайған. Айта кету керек, биыл елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. Әсіресе балалар арасында күннен-күнге көбеюде. Бұл вирусқа бей-жай қарауға болмайды, себебі ол да қауіпті инфекция саналады. Өйткені бұл вирустың емі жоқ. Мұнымен ауырған адамның дене қызуы көтеріле бастайды. Одан кейін денеге қызыл түсті бөртпелер қаптап шығады. Жалпы қызылша ауруының жазылуы бұл адамның иммунитетіне байланысты әртүрлі болмақ. Статистика бойынша бұл вирусты он адамның тоғызы жұқтырады екен. Сондықтан ол жұқпалы әрі өкпенің тыныс алу жолының инфекциясы қатарына жатады. Яғни оның жұғу көрсеткіші тым жоғары болғандықтан ол коронавирус тәрізді жылдам әрі тез таралатын вирус түрі. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингте қызылша ауруының эпидемиологиялық ахуалының күрделі екенін әрі оның жоғары деңгейі Жамбыл және Алматы облыстарында және Алматы қаласында тіркелгенін айтты. Өз сөзінде «Вакцинация алмаған балалар 71% құрайды. Бұл ретте, 60% балалар екпе егуден бас тартуға байланысты, 18% медициналық қарсы көрсетілім бойынша, 21% егу жасына жетпеген балалар» деді вице-министр.