АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨРКЕНДЕТУ ІСІНЕ АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНУДЕ

0
Үшінші мегаполисте ауыл шаруашылығын дамыту мен агроөнеркәсіптік кешенді ілгерілетуге басымдық беріліп келеді. Қазіргі таңда қала аумағында мал шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар батыл бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстардың жай-жапсары турасында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне де қажет ақпарат берілуде. 
Мәселен, жуырда Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы БАҚ өкілдері үшін қайта өңдеуші кәсіпорындар, жылыжай кешені, мал бордақылайтын шаруашылықтарға баспасөз турын ұйымдастырды. Қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші 50-ден астам кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындар жыл басынан бері 50 мың тонна сүтті қайта өңдеп, 500 тонна сары май, 3 000 тонна қатты ірімшік өндірген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мұндай қайта өңдеуші өндіріс орындарының қуаттылығы артып келеді. «INTERMILK KAZAKHSTAN» ЖШС —жылдан жылға өнім көлемін арттырып отырған кәсіпорынның бірі. Бүгінде 25 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орнында күніне 15 тонна сүт қайта өңделіп, одан 1,5 тонна құрт, ірімшік, сарымай, қаймақ, сүзбе секілді өнімдер алынады.
Мемлекеттік қолдауға ие болып отырған «Ифтихари» шаруа қожалығындағы жылыжай кешені жылына 500 тонна өнім алып отыр. Аумағы 2 гектар жылыжайда қазір қызанақ теру маусымы жүріп жатыр. Жұмысшылар қызарған өнімді қораптарға жинап, солтүстік өңірлерге жөнелтпек. Ал, «Алтынсай» шаруа қожалығында бүгінде 1000 бас жылқы мен 1000 бас ірі қара бар. Бұған қоса адам ағзасына өте пайдалы, түрлі ауруларға шипа болған бөдене құсын асырауда. Қазіргі таңда 40 мың бөденеден жұмыртқасы мен етін қала аумағында көршілес облыстар мен Астана қаласына дейін жеткізеді. Бұған қоса, шаруашылықта жылына 650 тонна жылқы еті және 750 тонна ірі қара мал еті өндіріледі.

ПІКІР ЖАЗУ