ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ӨНДІРІСТІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ЖОЛ АШАДЫ

0
Соңғы уақытта цифрлы трансформация дәуірі қарқынды дамып келеді. Көптеген ұйымдар бүгінде дәстүрлі бизнес үлгілерінің өзгеруін бастан өткеріп, цифрлы технологиялар көмегімен бәсекеге қабілетті болуға талпынуда. Мамандар өңдеу өнеркәсібін толық автоматтандыруға арналған заманауи технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданатын озық цифрлы инновациялық шешімдерді қолдану арқылы өндірістегі табысты арттырып, шығынды азайтуға мүмкіндік мол екенін айтады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер.Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру» деген болатын. Осы орайда Шымкент қаласындағы өнеркәсіп кәсіпорындарында өндіріске цифрлық технологияларды енгізу бойынша бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметтері бойынша, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-і, «Химфарм» АҚ-ы, «Шымкентцемент» АҚ-ы, «Зерде-Керамика» ЖШС-і, «Бал Текстиль» ЖШС-і, «Karlskrona LC AB» ЖШС-і секілді компаниялар қазірдің өзінде өндіріске цифрлық технологияларды енгізген. Ал, цифрлық технологиялар енгізу үшін жұмыс атқарып жатқан кәсіпорындардың қатарында «Рахат-Шымкент», «Барыс 2007», «Шымкентмай», «Гауһар» тігін фабрикасы», «Шымкентдорстрой» ӨК», «Shymkent Temir», «Кazmedpribor holding», «Аsia trafo» секілді компаниялар бар. Басқарманың мәліметтеріне сүйенсек, Шымкент қаласында өнеркәсіп секторында 907 кәсіпорын белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 23 ірі кәсіпорын, 44 орта кәсіпорын және 840 шағын кәсіпорын бар. Биылғы жылдың 9 айында өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 672,3 миллиард теңгені құраған. Алдын ала болжамдарға сәйкес, биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 850 миллиард теңгеге жетуі ықтимал.

ПІКІР ЖАЗУ