«ІСКЕР ҚАЛА» ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛАЙ ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР?

0
Елімізде кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік  бағдарламалар бар. Бүгінде Шымкентте дәл осы бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлерге кең көлемде қолдау көрсетіліп келе жатыр. Мәселен, «Іскер қала» іс-шара жоспары шеңберінде 257 жобаға қолдау көрсетілген. Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов атап өтті.
Өз сөзінде «Есепті кезеңде 130 104 іс-әрекеттегі шағын және орта бизнес субьектісі жұмыс істеуде. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы 19,7 млрд теңгеге 3000 жобаға қолдау көрсету жоспарланған болатын. Жарты жылдағы жағдай бойынша 14,1 млрд теңгеге 3591 жобаға қолдау көрсетілді»– деді басқарма басшысының орынбасары. 9 айдың қорытындысы бойынша қалаға 434,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 126,9 пайызды құрады. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 721,7 млрд теңгеге арттыру жоспарлануда. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 9 айда 764,3 млрд теңгеге жеткен. Айта кету керек, «Іскер қала» бағдарламасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жүзеге асырылуда. Өңірлік бағдарламаның негізгі бағыттары мен ерекшеліктері — шағын және орта бизнесті жеңілдетілген несиелендіру және тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыру. Өткен жылы 94 жобаға қолдау көрсетілді. Тоқтап тұрған кәсіпорындарды жандандыру бағыты бойынша қаламызда бірнеше жылдар бойы тоқтап тұрған ірі кәсіпорын «Трубмашхолдинг» ЖШС-нің базасында 2022 жылы алғаш «Silkway Alliance» алаңы пилоттық жоба ретінде іске асырылды (аймақтың алаңы – 4,4 га, өндірістік алаңдарының аумағы – 3,5 мың ш.м. толық инфрақұрылыммен қамтылған). «SILKWAY ALLIANCE» ЖШС өндірістік алаңы толуына байланысты «Қайнар май» ЖШС кәсіпорынның аумағында жаңа өндірістік алаңы да іске қосылды. Аумағы — 2,38 га, өндірістік алаңның көлемі – 3 438,4 шаршы метр.

ПІКІР ЖАЗУ