БИООТЫН ДАЙЫНДАУ ІСІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛУДА
Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтыну қажеттілігін арттыру мақсатында биыл бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарға қойылған. Осыған орай, Еңбекші ауданы, Базарқақпа тұрған алабында жаңадан тағамдық жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы бой көтеруде. Аталған құс фабрикасының аумағы 28 гектарды құрайды.
«Аймар құс» аталатын құс фабрикасының жалпы инвестициялық құны — 4 млрд.теңге. Жоба бойынша 1-ші кезеңде 220 мың құсқа арналған жеңіл конструкторлы құс фабрикасын құрып, жылдық қуаттылығы 72 млн.дана жұмыртқа өндірілу керек. Қазіргі уақытта тәуліктік балапандарға арналған 2 қора жай және мекиен тауықтарға арналған 2 құс қорасының құрылысы аяқталып, толықтай құрал жабдықтары орнатылған. Сонымен қатар, қосымша қора жай құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың қазан айында аяқтау жоспарға қойылған. Құс фабрикасына сатып алынған құрал жабдықтар сапалы, әрі Германияда құрастырылған. Жоба толықтай іске қосылғанда 100-ге жуық жаңадан жұмыс орны ашылатын болады. Құс шаруашылығында заманауи технологияларды қолдануды қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта құстан шыққан қалдықтардан биоотын және биогумус дайындап экологиялық таза тыңайтқыш өндіруді жоспарлауда. Айта кету керек, мегаполисте негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4 пайызға артты. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, көлемі 14 пайызға өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 32,3 пайызға артты. Сонымен қатар, жалпы сауда көлемі 7,3%-ға, оның ішінде, бөлшек сауда 21,4 пайызға өскені байқалды. Мұның барлығы кәсіпкерлік салаға жасалған жағдайлардың арқасында болып отыр. Болашақта да инвесторларға қолайлы орта қалыптастыру арқылы жүзеге асырылатын жұмыстар жандана түспек.