ПАРИЖ-2024: БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕДЕ БАҚ СЫНАЙТЫН СПОРТШЫЛАРҒА ЗОР ҮМІТ АРТЫЛАДЫ

0
2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамыз аралығына Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтпек. «Қазақстан Париждегі XXXIII жазғы Олимпиадаға ресми түрде шақыру алды. Бұл жөнінде «Ресми құжатты Халықаралық Олимпиада комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетіне жолдады», — деп мәлімдеген болатын мәдениет және спорт министрлігі.
Былтырдан бері жолдама үшін жанталасқан жарыстар өтуде. Нәтижесінде, Қазақстан Ұлттық құрамасы спорттың 8 түрінен 17 жолдаманы жеңіп алды. Олар: садақ ату, велошоссе, оқ ату, қазіргі бессайыс, грек-рим және еркін күрес, бокс, спорттық гимнастика. Бұл додалы жарысқа Азия ойындарында бақ сынаған біздің жерлестеріміз де қызу дайындалу үстінде.
Енді осы айтулы додаға кімдер үміткер дейтін болсақ, Азия чемпионатының және Азия ойындарының жүлдегерлерін айтуға болады.
Атап айтқанда, нысана көздеуден Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова, Андрей Худяков және Асадбек Назаркульев, стенд атудан Зоя Кравченко мен Ольга Панарина, байдарка және каноэде есуден Сергей Емельянов, Тимофей Емельянов, Ирина Подойникова, Руфина Искакова, грек-рим күресінен Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов, көркем гимнастикадан Эльжана Таниева мен Милана Парфилова, семсерлесуден Эльмир Әлімжанов пен Ерлік Сертай лицензия алуға үміткерлер қатарында.
Айта кету керек, былтыр Жазғы Азия ойындарында Шымкент қаласының спортшылары 5 алтын, 10 күміс, 11 қола жүлдеге иелік етіп, жарысты абыроймен аяқтаған болатын.
Сондай-ақ, еліміз боксшылардан зор үміт күтеді. Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, жас дарын Махмұд Сабырханға, ал әйелдер боксынан Жайна Шекербековаға сенім мол. Қазір қызу дайындық үстінде жүрген қос боксшы наурыз айында Италияда өтетін әлемдік 1-ші іріктеу турниріне қатысатын болады.
Сонымен бірге Грек-рим күресінен Азия ойындарының күміс жүлдегері Мейіржан Шермаханбет, қола жүлдегер Әлімхан Сыздықов та Олимпиада жолдамасын жеңіп алуды мақсат етіп, өз шеберліктерін шыңдау үстінде.
Ал еркін күрестен Азия чемпионы Дархан Есенғали үміткерлердің қатарында. Жалпы, еліміздің бірқатар балуандары ақпан айының басында Астанада өтетін ел чемпионатына қатысып, оза шапқандар сәуір айында Бішкекте өтетін Азия олимпиадалық іріктеу турниріне барады.
Таэквондодан ҚР Спартакиадасының жеңімпазы Самирхон Абабакиров 58 келіде жолдама үшін барын салмақ. Дзюдодан Айбол Нысанәлі де байрақты бәсекеге үміткер. Ал Ханчжоуда өткен Азия ойындарында жерлестеріміз Эльжана Таниева мен Милана Парфилова жекелей көпсайыста күміс, қола жүлделерді олжалаған болатын. Енді аталған спортшылар сәуір айында өтетін Азия чемпионатында жолдама үшін бақ сынайды.
Айта кетейік, Париж-2024 Олимпиада ойындарына әлемнің 200-ден астам елінен 10 мыңнан аса спортшы қатысатын болады. Онда спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Осындай байрақты бәсекеде нысана көздеу, стенд ату, байдарка және каноэде есу, семсерлесу, жеңіл атлетика және тағы басқа спорттың өкілдері де лицензия алуға үміткерлер. Тек олар Олимпиада басталғанға дейін ұйымдастырылатын бірнеше әлемдік, құрлықтық іріктеу турнирлерінде бабы келісіп, жүлдегерлер қатарынан табылып жатса болды.
Сондықтан еліміздің атын әлемге танытып, көк туын биікке көтеретін спорт саңлақтарына сәттілік тілеп, үлкен үміт артамыз!

ПІКІР ЖАЗУ