ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА: ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАР 34,8 МЛРД ТЕҢГЕ САЛЫҚ ТӨЛЕДІ
Өткен жылдың қорытындысында электронды сауда қызметін көрсететін шетелдік компаниялар 34,8 млрд теңге салық төледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
«Бірінші кезекте Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, электрондық коммерция статистикасын қалыптастыру әдістемесін қайта қарадық. 2025 жылға дейін электрондық сауданы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдадық. Электрондық саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында түзетулер әзірленіп, қазіргі таңда осы заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда. Электрондық коммерция мектебі жобасы іске асырылды. Оның аясында 2 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері оқыту курсынан өтті», — деді Арман Шаққалиев.
Оның атап өтуінше, маркетплейстерде отандық өндіріс тауарларының ұсынылуын кеңейтуге ерекше назар аударылып отыр.
«Бүгінде Сlever Market маркетплейсінің басты парақшаларында қазақстандық өнімге баннер шығарылды. Алдымен қазақстандық өнімді іздеу нәтижелерін шығаруға басымдық берілді. Қытайдың Alibaba және JD.com ірі маркетплейстерінде ұлттық павильондар ашылды. Бүгінгі таңда Alibaba-да 7 500 тауар, JD.com-да тауарлардың 30 түрі ұсынылған. Осы платформаға 1 жарым млн-нан астам қазақстандық қызығушылық танытуда. Қазақстанда екі ірі ресейлік маркетплейстер – Озон және Вайлдберриз жұмыс істейді», — деді министр.
Арман Шаққалиевтің дерегінше, 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша Oзoн алаңында тіркелген қазақстандық сатушылардың саны 45 400, Вайлдберриз аланында 55 704-ке жетіп отыр. Oзон маркетплейсі екі фулфилмент-сұрыптау орталығын іске қосты. Барлық қалада 1 889 тапсырысты жеткізу пункті ашылды. Вайлдберриз маркетплейсі жалпы ауданы 29 600 шаршы метрді құрайтын 6 логистикалық орталық және 621 тапсырысты жеткізу пункті ашты. Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында екі фулфилмент орталығын салуы жоспарлап отыр.
«Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларының бейінді министрліктерімен меморандумға қол қойылды. Өткен жылдың қыркүйек айында Алматыда 6 елден 300-ден астам қатысушы қатысқан Бірінші Орталық Азия электрондық коммерция форумы өтті. Былтыр Орталық Азия елдерінің бірыңғай платформасы — Central Asia Gateway іске қосылды. Ол Абу-Даби қаласында өткен Дүниежүзілік инвестициялық форум аясында «Үздік сауда ақпараттық порталы» номинациясы бойынша Digital Government Awards жеңімпазы атанды. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап тауарлардың электронды саудасын жүзеге асыратын, жеке тұлғалардың электронды түрде қызмет көрсетумен айналысатын шетелдік компаниялар үшін Google салығы (импорт салығы) деп аталатын салық енгізілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 60 шетелдік компания тіркелген. Олардың төлеген салық сомасы 34,8 млрд теңгені құрады», — деді ол.