КОФЕГЕ ҚҰМАР ЖАНДАР НЕНІ ЕСКЕРУІ ТИІС — ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

0

Кофе — әлемдегі ең танымал сусындардың бірі. Оның үстіне көптеген адам өз өмірін таңғы хош иісті кофесіз елестете де алмайды. Бұл ретте Алматы қалалық №36 емхананың дәрігері Жансая Ескермес кофе ішудің пайдасы мен зиянын, сондай-ақ назар аударатын жайттарды айтып берді.

Дәрігер алдымен кофенің адам ағзасы үшін пайдалы тұстары жайында айтты.

«Кофенің құрамында адамның сергек болуына көмектесетін және қуат деңгейін арттыратын кофеин бар. Ол адамға таңғы уақытта немесе физикалық не психикалық белсенділігі артқан кезде пайдалы болуы мүмкін. Сондай-ақ, кофеде антиоксиданттың көп мөлшері бар, олар жасушаларды бос радикал әсерінен зақымданудан қорғауға көмектеседі. Кофенің кейбір ауруларға оң әсері бар, мысалы, кейбір зерттеулер бойынша кофе ішу Паркинсон ауруы, 2-типті қант диабеті, тіпті кейбір қатерлі ісік түрінің даму қаупін азайтуы мүмкін», — дейді дәрігер.

Оның айтуынша, кофенің келесідей зиянды тұстары болуы мүмкін.

«Кофені шамадан тыс тұтыну ұйқысыздықты, жүйкенің қозуы мен алаңдаушылықты тудыруы мүмкін. Қан қысымы жоғары адамның кофе ішуі қан қысымының одан әрі көтерілуіне себеп болуы мүмкін. Жүкті әйелдерге жүктілік кезінде кофені көп мөлшерде ішу құрсақтағы нәрестенің шала туу қаупі тууы мүмкін.

Сондай-ақ, кофеинді шамадан тыс тұтыну мазасыздық, жүрек проблемалары, ас қорыту бұзылыстары және т.б. мәселелерге әкелуі мүмкін», — деп атап өтті Жансая Ескермес.

Жүрек-қан тамырлары ауруы бар адамдар, жүкті әйелдер, ұйқысыздық немесе мазасыздықпен ауыратын адамдар, балалар кофе ішуді шектеп немесе мүлдем бас тартқаны жөн.

Кофе ішуге ең қолайлы уақыт — таңертең немесе күннің алғашқы жартысы. Түнде кофені ішу ұйқыға кедергі келтіруі мүмкін.

Сөз соңында Жансая Ескермес кофе әуесқойлары үшін бірқатар кеңес берді.

«Күніне 400 мг-нан артық кофеин тұтынбаңыз, ол шамамен 4 кесе. Кофе ұйқысыздықты, жүйкенің қозуын немесе басқа жағымсыз белгілерді тудыратынын байқасаңыз, тұтынуды шектеуге тырысыңыз немесе одан толығымен бас тартыңыз. Адамдарға кофеин әр түрлі әсер етеді, сондықтан өз сезіміңізді бақылаңыз және соған байланысты ішетін кофе мөлшерін реттеңіз. Жалпы айтқанда, кофеин мөлшері мен әр адамның жеке ерекшелігіне байланысты кофе ағзаға пайдалы не зиянды болуы мүмкін. Тұтынатын кофеин мөлшерін бақылап, кофе ішкен соң өзіңіздің жағдайыңызға назар аудару маңызды», — деді дәрігер Жансая Ескермес.


ПІКІР ЖАЗУ