ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ЕКІ ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҒЫ ТАБИҒИ ГАЗҒА АУЫСТЫРЫЛУДА

0
Арыс қаласына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы іссапармен келді. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындарды сапалы ауыз сумен және жылумен қамтамасыз ету бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды.
Арыс қаласында орналасқан бірден екі қазандық табиғи газға ауыстырылып жатыр. Соның арқасында эксплуатациялық шығындар едәуір азайып, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған жұмыстармен танысу үшін жылу мекемелеріне барды.
Атап айтқанда, «Нұрсая» тұрғын ауданында орналасқан қуаттылығы 7,8 Гкал. болатын сұйытылған отынмен жылытылатын қазандықтың жұмысымен танысты. Қазіргі кезде, аталған жылу беру мекемесі 12 көпқабатты тұрғын үйді (606 абонент) жылумен қамтып отыр. Бүгінгі таңда аталған қазандықты табиғи газбен жылытатын модульді қазандыққа ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Дәл осындай жұмыстар «Арыс жылу» МКК-на қарасты «Орталық қазандықта» жүргізіліп жатыр. Яғни, қатты отынмен (көмір) жылытылатын қазандықтарды табиғи газбен жылытатын заманауи «БМКГ-13957» модульдік қазандыққа ауыстырылуда. Бүгінде аталған мекеме арқылы 12 көпқабатты үй (534 абонент), 10 бюджеттік мекеме мен 6 коммерциялық ұйым жылумен қамтылған. З.Жолдасов жұмыстарды бекітілген кестеге сәйкес аяқталу қажеттігін айтты.
Бұдан кейін Ақынбеков көшесі бойында орналасқан көппәтерлі «МПС» тұрғын алабына барды. Мұнда өткен жылы қала әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылып, тұрғын үйлердің физикалық тозуына талдау жүргізілген. Шаһар басшысы көппәтерлі тұрғын үйлерді сейсмикалық күшейту және жөндеу, абаттандыру қажеттігін айтты. Бұдан бөлек инвесторлар тарту, сондай-ақ тұрғын үйлерді жаңартуға (модернизациялау) бағытталған мемлекеттік бағдарлама арқылы шешу жолдары қарастырылып жатқандығын атап өтті.
Әрі қарай Арыс қаласына дейінгі су таратқыш құрылысының жай-күйімен танысты. Жоба аясында 12,6 шақырымды құрайтын (екі қатар) жоғары қысымды (дм-710) магистралды су құбыры тартылған. Сондай-ақ 2 дана су ұңғымасы және 3000 м3 су жинайтын резервуар салынуда. Нысан толық аяқталған соң, 9552 тұтынушы немесе 33 662 арыстық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары аталған жұмыстарды кестеге сәйкес орындалуына баса назар аударды. Ол үшін жауапты тұлғалар жұмыстың сапасы мен мерзімін бақылауда ұстап, мердігерлердің өз міндеттерін тиянақты орындауын тұрақты қадағалауға алу керектігін айтты.
Іссапардың қорытындысы бойынша Зұлпыхар Сансызбайұлы әкімдіктің кіші мәжіліс залында әкім аппараты активімен мәжіліс өткізді. Жиын барысында құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты, сондай-ақ қаланы газдандыру сынды өзекті мәселелер және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланды.

ПІКІР ЖАЗУ