ТҮРКІСТАНДЫҚ АҚ ХАЛАТТЫЛАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАРЛАР ӨТТІ

0

Жуырда ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәрігерлері Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен келген болатын. Бас қаладан келген делегация облыстық әкімдікпен меморандумға отырумен қатар, жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында да ауқымды бастамаларды көтеріп, шаралар ұйымдастырды. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.

Іссапардың алғашқы күнінде бас қаладан келген делегация Түркістан қалалық емханасының базасында 75 консультация өткізді. Сонымен қатар 110-ға жуық дәрігерге презентация көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті.Медициналық орталықтың үздік нейрохирургі Мыңжылқы Бердіхожаев және аритмолог Аян Абдрахманов 7 күрделі операция жасады. Делегация құрамында ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы мен Ұлттық госпиталінің үздік мамандары, атап айтқанда, нейрохирург, кардиолог, аллерголог, уролог, пульмонолог, эндокринолог, ортопедтер болды. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы, «Оқжетпес» ЕСК АҚ Алматы филиалы қызметкерлері де шара барысында бірқатар құнды деректерді ұсынды. Бұл мекеме оңалтудың 10 бағыты бойынша қызмет көрсетеді. Мұнда жүрек-қан тамыры, тыныс алу мүшелері, тірек-қозғалыс аппараты, жүйке жүйесі және қан тамыры ауруларын емдеу және алдын алу жүзеге асырылады. Дегенмен басым бағыт – тірек-қозғалыс аппараты мен жүрек-қан тамыры жүйесін оңалту. Қазіргі уақытта емдеудің жаңа түрі енгізіліп жатыр. Ол – нафталанмен емдеу. Бұл мұнай өнімі бұрындары Қазақстанда қолданылмаған. Әзербайжаннан әкелінген нафталанмен емдеуді «Оқжетпес» шипажайы ең бірінші болып қолға алды. Адамдар бұл препаратты 12-ғасырдан бастап 70-тен астам ауруды емдеу үшін қолданған. Ол қанның тұтқырлығын төмендетеді, иммунитетті көтереді. Өкпенің жұмысын жақсартады. Ағзадағы қабыну процестерін тоқтатады. Анальгетикалық әсері бар. Буын, тірек-қозғалыс жүйесіне әсері мол. Экзема, псориаз сияқты әлемде кездесетін кез келген дерматит ауруларын емдейді. Әзербайжан кеңес заманынан-ақ осы нафталанмен емдеу жүйесін енгізген. Қазақстан азаматтары дәл осы емді алу үшін сол елге баратын. Ал біз нафталанмен емдеуді осыдан жарты жыл бұрын қолға алдық. Алғашқы уақытта ем алушылар саны аз болатын. Бүгінде күніне кемінде 10 адам осы емді алып жатыр. Сұраныс артуда. Одан бөлек, шипажайда физиотерапия, гидротерапия және массаж кабинеттері, балшықпен емдеуге арналған кабинет, урология, стоматология, ішекті тазартуға арналған кабинеттер, ингалятор, фитобар, зертханалық-диагностикалық бөлімшесі, косметологиялық кабинеті, дәріхана орналасқан. Емдеу ғимаратында өткізілген терапияның тиімділігі мен қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік беретін қуатты жабдықталған база бар. Осы орайда, аталған орталықтың мамандары дәстүрлі еммен қатар жүргізілетін тың әдісті түркістандық дәрігерлерге кеңінен түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Бірнеше күнге жоспарланған ауқымды іс-шаралар жоспар бойынша жалғасып жатты. Екінші күні делегация Түркістан орталық ауруханасы базасында нейрохирургия, кардиология, аллергология, урология, пульмонология, эндокринология және ортопедия саласында 200-ден астам тегін кеңес берді. Сондай-ақ, 13 күрделі операция, 400-ден астам тыңдаушының қатысуымен аймақ дәрігерлеріне арналған 28 презентация мен шеберлік сабақ өткізді. Мұндай тың бастаманың барлығы еліміздегі, оның ішінде Түркістан қаласындағы медицина саласының дамуына оң ықпал етері айқын. Сонымен қатар халыққа жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсартуға көмектесетінін де тілге тиек ете кету керек.

Іссапардың үшінші күні аурухананың бас кардиологі Әлия Жолдасбекова 6 өңір тұрғынына дәрігерлік кеңес жүргізіп, 44 қалалық аурухана дәрігеріне семинар өткізді. Аурухананың бас онкологі Назар Сейдалин 5 науқасты қабылдаса, эпилептолог Гүлдана Жұмабаева қалалық емханада 16 тұрғынға дәрігерлік кеңес жүргізді.  Сонымен қатар ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы Емхана бөлімшесінің меңгерушісі Айгүл Сатыбаева «ҚР ПІБ МО ауруханасындағы амбулаториялық қызметтің заманауи мүмкіндіктері. Check-up бөлімшесінің жұмысы» тақырыбында 40 әріптесіне семинар өткізді. Дербестендірілген геномдық диагностика зертханасының меңгерушісі Гүлшара Әбілдинова «Мақсатты препараттарды таңдау үшін онкологиялық аурулардағы генетикалық зерттеулер» тақырыбында 15 қатысушыға дәріс оқыды. Аталған шараға Түркістан қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінің дәрігерлері белсене қатысып, соңғы уақыттағы саладағы емдеудің жаңа әдіс-тәсілдері турасында кеңінен ақпарат алды.

 


ПІКІР ЖАЗУ