ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАЗАСЫНДА АУЫР ОТАЛАР СӘТТІ ЖАСАЛЫП КЕЛЕДІ
Түркістан қаласында медицина саласында бірқатар игі бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келеді. Нәтижесінде шаһардағы денсаулық сақтау ісі ілгерілеп келе жатыр. Мәселен, Түркістан қалалық орталық ауруханасының травматолог-ортопедтері жаңа технологияларды қолдана отырып, аяқ буындарына эндопротез орнату арқылы пациенттерді аяғына тұрғызып жатыр. Мұның игілігін қала ғана емес жалпы облыстың, республиканың тұрғындары көріп келе жатыр.
Сөзіміз дәйекті бола түсуі үшін нақты деректерді келтірейік. Ағымдағы жылы пациенттерді емдеудегі инновациялық тәсілдерді қолдана отырып, Түркістан қалалық орталық ауруханасының травматолог-ортопед дәрігерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде алғаш рет жамбас буынын эндопротездеу отасын 42 және 64 жастағы пациенттерге сәтті өткізді. Жамбас буынының эндопротездеуі – бұл буынның жоғалған функциясын қалпына келтіруге және сау буынның анатомиялық формасын қайталайтын имплантқа ауыстыру арқылы ауырсыну синдромын жойып, адамды әдеттегі өмірге қайтаруға мүмкіндік беретін ота. Ауру немесе жарақат салдарынан буын қатты бұзылған және консервативті емдеу жеңілдік бермейтін жағдайларда, эндопротездеу тиімді және жалғыз әдіс болып табылады. Ота алдында әр пациент арнайы тексеруден және операция алдындағы имплантты таңдаудан өтеді. Операцияда травматологтар АҚШ-та өндірілген титан қорытпасынан жасалған жамбас буынының заманауи эндопротездерін қолданды. Соңғы технологиялардың арқасында қазіргі заманғы эндопротездер өте жоғары беріктікке және биоүйлесімділікке ие, және адамға 10 жылдан 30 жылға дейін қалыпты қозғалыс белсенділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Хирургиялық емдеуден кейін пациенттер белсендіріліп, оңалтудың бірінші кезеңінен өтеді. Отадан кейін барлық науқастар ауырсынуды ұмытып, белсенді өмірге оралатынына дәрігерлер кәміл сенімді. Бүгінгі таңда Түркістан қалалық орталық ауруханасы облыстың ең ірі және ең көп жабдықталған көпсалалы ауруханаларының бірі, онда тәулік бойы медициналық көмек көрсететін травматологиялық бекеттің болуымен травматология және ортопедия саласындағы күрделі оталардың тәжірибеге енгізілуі, осы көмекті жетілдірудегі үлкен қадам деп есептейді аурухана әкімшілігі. Қала және аудан тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында, алдағы уақытта жамбас буынының эндопротездеу оталарын көбейтіп, тізе буындарын эндопротездеу және тағы тірек – қимыл аппараты патологияларын емдеудегі жаңа инновациялық түрлерін енгізу жоспарлануда.