ТҮРКІСТАНДЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР 62 ЖАСТАҒЫ НАУҚАСТЫ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ
Елімізде денсаулық сақтау саласы кешенді жаңғыртудан өткізіліп келе жатыр. Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдар мен елді мекендерде денсаулық сақтау мекемелерін салу, ескісіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бастамасы қарқынды түрде жүзеге асырылып келе жатыр. Материалдық-техникалық база да барша талаптарға сәйкестендірілуде. Осының арқасында саладағы қызмет сапасы артып, медицинаның мүмкіндігі күн сайын кеңейіп келеді. Дегенмен алып территорияны алып жатқан еліміздегі әрбір ауылдың медицинасын соңғы технологиясымен, білікті кадрмен қамту мүмкін емес. Сондықтан да облыс орталықтарындағы денсаулық сақтау мекемелерін жаңғыру ісіне айрықша күш салынып жатыр.
Қалың оқырманның жадында болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласының маңызы турасында «Қазақстанда медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болу үшін барлық жағдай жасалуда. Мемлекет денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөледі. Көптеген заманауи емдеу орындарының салынуы, білікті мамандарды даярлауға бөлінетін грант санының көбеюі, осы сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетілуі — соның айқын дәлелі. Түптеп келгенде, мұның бәрі салауатты қоғам қалыптастыруға ықпал етеді» деген болатын. Айтса айтқандай-ақ, бүгінде ақ халаттылардың жан-жақты дамуы мен бәсекеге қабілетті болуы үшін елімізде тың бастамалар қолға алынып, ауқымды істер атқарылып жатыр. Еліміздің дәрігерлері медицинасы жоғары қарқынмен дамыған әлемнің озық елдерінің заманауи технологиямен жарақтандырылған клиникаларында тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыра түсуде. Бұл тұрғыдан келгенде, жуырда ғана облыс орталығы сынды мәртебелі атты желкесіне жүктеген Түркістан қаласының маңызы айрықша. Бүгінде саяхатшылардың сүйікті қаласына айналып келе жатқан шаһарда медицина саласы да аса жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Жақын болашақта бұл қаланың медициналық туризмнің орталығына айналу мүмкіндігі бар. Өйткені соңғы бірнеше жылда қолға алынса да, ауқымды істер атқарылып, жемісті нәтижені көрсетіп келеді. Сөзіміз дәлелді бола түсуі үшін, денсаулық сақтау саласының әлеуеті турасында тарқата баяндайық. Ағымдағы жылы Түркістан орталық қалалық ауруханасында жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары пациенттерге отаның жоғары технологиялық инновациялық әдісі енгізілді. Осылайша биыл қалада ғана емес жалпы күнгейде алғаш рет «Түркістан қалалық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК базасында стационардың интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Б.Усмановтың жетекшілігімен кенеттен жүрек өлімі қаупі жоғары пациентте кардиовертер-дефибриллятор жүйесін тері астына имплантациялау бойынша шеберлік-класс өтті. Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай технология күллі Түркістан облысында алғаш рет жүзеге асырылды.
Әдетте басы ауырып, балтыры сыздаған әлеуметтің ақ халаттыларға жүгінері белгілі. Дегенмен бізде әлі де аурудың алғашқы сатысында аурухана мен емханаға барып, дәрігерлерге қаралу үрдісі кенже қалып келе жатыр. Түркістан қалалық орталық ауруханасына түсетін науқастардың арасында да мұндай азаматтар бар. Дегенмен біліктілігі жоғары, тәжірибесі көп мамандардың арқасында шұғыл оталар жасалып, жүре алмай келген тұрғындар ауруынан құлан таза айығып шығуда. Бұл сөзді тектен текке жазып отырғанымыз жоқ. Ағымдағы жылы дәл осындай жағдаймен біз сөз етіп отырған ауруханаға науқас түседі. Едел-жедел тексеру барысында 62 жастағы науқастан «Кеңейтілген кардиомиопатия. Жүрек ырғағының бұзылуы, жүрекшелердің фибрилляция. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» диагнозы анықталады. Жол – біреу. Шұғыл ота жасау қажет. Әйтпегенде ауруханаға көмек сұрап келген азаматтың жағдайы нашарлай бермек. Осы тұста Гиппократ антына адал ақ халаттылар қауіпті диагнозбен түскен азаматқа ота жасап, өмірін сақтап қалады. Отаны сәтті өткізу үшін арнайы ҚР штаттан тыс бас аритмологы, «Қазақ аритмологтар қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор А.Әбдірахманов шақырылды. Білікті маман, тәжірибелі дәрігер шұғыл келіп, науқасқа жасалатын операцияның сәтті шығуына септін болды.
Жалпы кардиовертер-дефибриллятор – бұл электронды антиаритмиялық құрылғы, жүрек ырғағын басқаруға арналған күрделі компьютер, оның өлшемдері кішкентай және кеуде қуысының жоғарғы бүйіріндегі тері астына ендіріледі. Құрылғы жүрек қызметін тұрақты бақылап, бір минутқа да жұмысын тоқтатпайды. Өмірге қауіп төндіретін аритмия (қарыншалық фибрилляция) пайда болған кезде құрылғы жоғары электр энергиясының разрядын қамтамасыз ету арқылы, жүректің соғу ырғағын реттеп, жүрек өз жұмысын қалпына келтіреді. Кардиовертер дефибрилляторын имплантациялау – өмірге қауіп төндіретін жүрек соғысының бұзылысы бар науқастарды кенеттен аритмиялық өлімнен қауіпсіз қорғаудың және оның өмірін ұзартудың жалғыз жолы. Ересектерге аспаптың имплантациясы жергілікті анестезия арқылы жүргізіледі, наркоз, әдетте, балаларға ғана қолданылады. Бұғана астында шағын тілік жасайды және бұғаналық тамырға рентген бақылаумен жүрек ішіне электрод енгізіледі. Электродтың сыртқы ұшы бұғана астындағы майлы жасұныққа батырылады және өз аппаратымен жалғанады. Содан кейін тілік тігіледі. Операциядан кейін 1-2 күн ішінде аппарат бағдарламалауы жүргізіледі. Бұл ауырмайтын емшара, қайта хирургиялық араласуды талап етпейді. Егер дефибрилляциялық күйзелістер талап ететін қауіпті аритмия болмаса, аппарат көптеген жылдар бойы жұмыс істей береді.
Айта кетейік, біз сөз етіп отырған операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде тегін жүргізілді. Ота жасалған науқас өзін қанағаттанарлық сезініп, интервенциялық кардиология бөлімінде емін жалғастырып жатыр. Дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында науқастың денсаулығына төнер қауіп жоқ. Медицинадағы инновацияларды әрдайым қолдайтын және жоғары технологиялық оталарды қолданысқа сәтті енгізе білген аурухана басшысы Б.Берденовтың атап өтуінше, бұл бағыт алдағы уақытта қарқынды дамиды және мұндай оталардың көлемі мен түрлері бірнеше есе көп жүргізіледі, өйткені мұқтаждар саны өте көп. Өз сөзін дәрігер «Түркістан облысы азаматтарының тағы бір санатына көмектесе алатынымызға және қан айналымы жүйесі ауруларының өлім-жітімін төмендетуге өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз» деп түйіндеді. Жалпы соңғы уақытта Түркістан қаласының медицинасы турасында оң пікірлер айтылып келеді. Бұған дейін де қаладағы денсаулық сақтау мекемедерінің базасында түрлі ауыр оталардың сәтті жасалып келе жатқанын жазған болатынбыз. Қош делік, түркі жұртының туристік астанасында медицина қарқынды дамып, шеттен науқастар іздеп келетін мекемелер көбейсе, бұдан өңірдің де, қаланың да, елдің де ұтары көп. Өз кезегінде, бұған қаланың потенциалы мен мүмкіндігі де жететін тәрізді.