ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ МҮМКІНДІГІ КЕҢ

0

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің денсаулық сақтау саласын дамытуға тигізер пайдасы орасан. Сондықтан да халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, елімізде 2017 жылдан бастап баршаға міндетті жүйе ретінде жұмысы жолға қойылды. Бұл бастаманың әрбір қазақстандық үшін маңызы айрықша. Қала берді аталған жүйе бүкіл халықты медициналық сақтандырумен қамту және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін едәуір жақсарту сынды екі бірдей функцияны қамтамасыз етеді. Осы орайда, бастама қолға алынған уақыттан бері еліміздің барлық өңіріндегі медициналық мекемелерде қызмет сапасы артты десек, артық айтқанымыз емес. Саланың мүмкіндігі де кеңейді. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асырылған жұмыстар көп.

Тарқата баяндайтын болсақ, міндетті медициналық сақтандыру қорының қаржыландырудың өсуінің арқасында, Түркістан қалалық орталық ауруханасының консультациялық-диагностикалық орталығына жүгінетін тұрғындардың саны артып келеді. Бұған қызметтердің кең спектрін қамтитын мамандандырылған медициналық көмек, бейінді мамандардың кеңестері, қымбат аспаптық және зертханалық қызметтер қол жетімді болуы әсер етіп отыр. Бүгінде мекеме қызметін тұтыну үшін әлдебір шарттар мен талаптардың қажеті жоқ. Бар болғаны, Түркістан қалалық орталық ауруханасының консультациялық-диагностикалық орталығы қызметтерін алу үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде «сақтандырылған» әлеуметтік мәртебеге ие болып, жергілікті емханаға тіркелу керек. Егер бұл қызметтерді тіркелген емхана өз тарапынан ұсына алмаған жағдайда пациенттердің қалауымен, аймақтық дәрігерлердің жолдамасымен кез келген елді мекеннен, Түркістан қалалық орталық ауруханасының консультациялық-диагностикалық орталығы бөліміне жүгіне алады.

Бүгінде мекемеде 20-дан астам білікті де тәжірибелі мамандар қызмет етеді. Атап айтар болсақ, интервенциялық кардиолог, кардиолог, ангиохирург, оториноларинголог, сурдолог, офтальмолог, травматолог – ортопед, уролог – андролог, акушер – гинеколог, дерматовенеролог, пульмонолог, нефролог, невропатолог, инфекционист сынды білікті мамандар бар. Материалдық-техникалық база да заман талабына сай жаңғырып, жақсарып келеді. Бүгінде мекемеде рентгенологиялық зерттеу, КТ, УДЗ, ФГДС, видеоколоноскопия, ЭХОКГ, видеотрахеобронхоскопия, спирография, аудиография, ээг, офтальмоскопия, пикфлоуметрия сынды заманауи талаптарға жауап бере алатын әрі соңғы үлгідегі медициналық құрылғылар бар. Бір сөзбен айтқанда, облыс орталығындағы медициналық мекеменің қазіргі мүмкіндіктері орасан. Басы ауырып, балтыры сыздап келген талай жанның аяқтан тік тұруына ықпал еткен мекемеде күрделі оталар да сәтті жасалып келе жатыр. Сөз жоқ, мұның өзі жергілікті жерде медицина саласына жасалып келе жатқан жағдайлардың арқасы екені айқын.


ПІКІР ЖАЗУ