ӨЗБЕКСТАНДЫҚ БІЛІКТІ ДӘРІГЕРЛЕР ТҮРКІСТАНҒА КЕЛІП, СТУДЕНТТЕРГЕ ДӘРІС БЕРДІ
Бүгінде сан түрлі сала бойынша әлем елдері өздерінше зерттеу жұмыстарын жүргізіп, табысты нәтижелерге қол жеткізіп келе жатыр. Дегенмен медицина сынды салалардың алға жылжуы үшін әлемдік қауыдастық бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана белгілі бір жетістіктерге жету ықтималы жоғары болмақ. Мұны тектен текке айтып отырғанымыз жоқ. Соңғы уақытта әлемді жайлаған пандемия жаһандағы ғылыми-техникалық прогресс пен медицинаның беймәлім вирустармен күресуде әлі де әлсіз екенін аңғартты. Сондықтан білім беру ісінен бастап, зерттеу жұмыстарына дейін әріптестік байланыстар орнатылып, жемісті жұмыс жүргізу жиілеп барады. Бұл тұрғыдан келгенде, маман даярлау ісінің маңызына айрықша тоқталуымыз керек. Өйткені денсаулық сақтау сынды маңызы зор, міндеті ауыр салада әріптестік айрықша бағаланады. Өзге елдер мен озық клиникалардың тәжіриесін іс жүзінде қолдану маманға болашақта талай адамның ғұмырын сақтау қалуға септесуі мүмкін.
Сондықтан да Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Медицина факультетіне шетелдік білім мекемелері мен клиникалардың білікті де тәжірибелі дәрігерлері арнайы шақыртылып, тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылуда. Әсіресе, аталған оқу орнына Анадолы топырағынан келетін білікті кадрлар көп. Мәселен, жуырда ғана «Ата жұрттан ана жұртқа: денсаулық көпірі» жобасы аясында Түркияның білікті дәрігерлері Түркістанға табан тіреп, оқу орнының клиника-диагностикалық ортағында бірнеше ота жасаған еді. Тарқатар болсақ, Стамбул университеті және Жеррахпаша медицина факультетінің невропатолог дәрігері, профессор доктор Харун Жансыз, дәрігер маман Рафет Йылдырым мен ортопед дәрігері, профессор доктор Мехмет Акиф Кайгысыз жергілікті мамандармен бірге жұмыс істеп, күрделі отаның сәтті шығуына септескен. Бұл оталар өңірде жиі жасала бермейтінін ескерсек, түркістандық ақ халаттыларға үлкен тәжірибе болғанын түсіне беруге болады. Бұдан бөлек, аталған құрамның бастамасымен қалада «Эпилепсия мектебі» де өтті. Мектептің бірінші күні түріктің жетекші эпилепсия мамандары теориялық білім берсе, келесі күндері Түркістан мен жақын маңдағы қалалардан келген диагнозы қойылмаған ауруларға баға берді. Эпилепсия хирургиясына сәйкес келетін науқастарды анықтау және оларды бақылау туралы шешімдер қабылданды. Қош делік, мұндай шаралар тарихи шаһарда алғаш рет өтіп отырған жоқ. Бұған дейін де бірқатар елдердің мамандары келіп, өз білгендерін үйреткен еді. Оның ішінде Абу Али ибн Сино атындағы Бухара Мемлекеттік медициналық институты мен Ташкент Мемлекеттік стоматологиялық институтының ғалымдарын айрықша айта кетуге болады. Нақтырағы, Бухара Мемлекеттік медициналық институтынан келген профессор Муслима Абдуллаева, доцент Матлуба Бадритдиннова, доцент Любат Саидова, доцент Сайера Худойдова және доцент Махтоб Фармановалар Түркістанға келіп, «Медицина» және «Стоматология» факультетінің 3-5 курс студенттеріне патологиялық физиология, жұқпалы аурулар, емханалық терапия және неврология пәндерін дәрістер мен тәжірибелік сабақтар жүргізді. Сонымен қатар Ташкент Мемлекеттік стоматологиялық институтының профессоры Абдуллаев Шариф, Юсупова Дилдора, Муратова Надежда және доцент Храмова Наталья стоматология факультетінің 4-5 курс студенттеріне «Ауыз қуысының хирургиясы» және «Жақ-бет хирургиясы» пәндерінен, ал Доцент Реймназарова Гулсара «Патологиялық анатомия» пәнінен Медицина факультетінің 3-курс студенттеріне дәріс пен тәжірибелік сабақтар өткізді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта біз сөз етіп олтырған университет құрамында Жоғары медициналық білімнен кейінгі білім беру факультеті жұмыс істейді. Бұл факультеттің негізгі мақсаты — оқытудың инновациялық әдістерін қолдана отырып, заманауи талаптарға сай практикалық денсаулық сақтау мамандарын сапалы дайындау. Бұл факульеттегі интернатурада «Жалпы медицина» және «Стоматология» мамандықтары бойынша және 31 резидентураның білім беру бағдарламаларын жүзеге асырылады. Мекеме берген деректерде «Факультет жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің үлгілік оқу бағдарламалары аясында заманауи сұраныстарға жауап бере алатын жоғарғы білікті медицина саласының мамандарын даярлайды. Кафедралардың оқу, тәрбие және ғылыми жұмыстарына басшылық жасайды. Білім беру бағдарламаларының, оқу жоспарларының, пәндердің жұмыс оқу бағдарламаларының әзірленуін және тәжірибеде қолдануын қадағалайды. Факультеттің құрамына енетін кафедралардың оқу, тәрбие және ғылыми жұмыстарына басшылық жасайды. Білім алушылар үшін мамандық ерекшеліктеріне сәйкес жасақталған интерактивті дәрісханалар, электронды кітапхана, оқу залы, компьютер кабинеттері жұмыс істейді және факультеттің оқу клиникалық базалары Шымкент қаласында орналасқан медициналық мекемелермен қамтылған» делінген. Оқытушылар мен профессорлар құрамының біліктіліктері айрықша жоғары. Қазіргі уақытта ұжым халықаралық деңгейде білім беру бойынша медицинадағы инновациялық технологияларды оқу процесіне енгізіп, аянбай еңбек етуде. Мұнда жалпы алғанда 174 профессор-оқытушы бар. Оның ішінде 11 ғылым докторы, 6 РhD докторы, 57 ғылым кандидаты, 20 магистр қызмет етеді. Біз сөз етіп отырған факультеттің тұңғыр деканы — медицина ғылымының докторы, профессор И.О.Байдаулет. Бертін келе Н.К.Тузелбаев, З.Сатханбаев, М.Е.Жантеев, Б.Қ.Жунисов, А.А.Сариева, М.С.Жунисов, А.Р.Жумадилова, С.А.Туктибаева сынды білікті мамандар меңгеруші болып, жұмысын жүйелей түскен. Алғашқыда факультетте бакалавриат және жоғары білімінен кейінгі интернатура мамандықтарына бойынша білім берсе, қазіргі таңда интернатура, резидентураның 33 білім беру бағдарламасымен 10 кафедрада оқу үдерісін іске асырып жатыр. 2023 жылдың қараша айынан бастап кафедраны медицина ғылымының кандидаты, МВА А.С.Абдрахманова басқарып келеді. Мұны тектен текке жазып отырғанымыз жоқ. Кафедра басшылығы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелеу мен болашақ дәрігерлерге бағыт-бағдар беруде шетелдік іргелі ғылыми зерттеу институттарымен байланыста жұмыс жүргізіп келе жатыр.
Оқу орнында білікті медицина мамандарын даярлау ісіне айрықша көңіл бөлінгенінен хабарымыз бар. Бұл ғана емес, университет қабырғасында да дәрігерлік амбулатория қызмет етеді. Тарқатсақ, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «АИ» дәрігерлік амбулаториясы «Тұран» жанұялық жатақханасында орналасқан. Студенттер мен қалашықта тұратын барлық профессорлар мен қызметкерлерге тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетеді.Барлық оқуға түскен студенттер Ясауи клиника-диагностика орталығына тіркеледі. Клиникаға тіркелген студенттерге барлық медициналық көмек тегін көрсетіледі. «АИ» дәрігерлік амбулаториясы мен клиника диагностика орталығы бірлесе отырып, студенттердің оқу барысындағы жыл сайынғы флюрографиялық тексеруін қамтамасыз етіп, қадағалап отырады. Шетелден келген қызметкерлер мен студенттерге клиникада арнайы дәрігер бекітілген. Мұның өзі Медицина факультетінде оқитын студенттердің тәжірибесін шыңдай түсуіне үлкен септігін тигізеді. Жалпы университетте шетелдік мамандарды шақырту арқылы теориялық білім алу көзделсе, оқу орнына қарасты Клиника-диагностикалық орталық арқылы студенттердің тәжірибесін толықтыру басты нысанға алынып отыр. Бұл орталық бүгінгі таңда барша ғылыми-технология жетістіктерімен қамтылған. Оның озық құрал-жабдықтармен қамтылуына Түрік Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігі «Клиника-диагностикалық орталық жабдықтарын қолдау жобасы» аясында материалдық көмек көрсеткен. Бұдан біраз уақыт бұрын Түркияның Ыстамбул қаласындағы Мармара, Истиние, Жеррахпаша университеттік клиникаларында және Анкарадағы Гази университетінің клиникасында Түркістан облысының 100 дәрігері екі апталық біліктілікті арттыру курсынан өтті. Мұның артында университет басшылығының еселі еңбегі жатыр десек, артық айтқанымыз емес. 2022 жылғы 11 наурызда университет пен ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ауруханасы арасында меморандум түзілген. Осы құжат негізінде университет студенттері мен клиника мамандары аурухананың базасын пайдалануға, білікті дәрігерлердің семинарларына қатысуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алып отыр.
Қош делік, қарап отырсақ, сапалы маман даярлау сынды маңызы зор міндетті жүзеге асыру қиын екені белгілі. Десе де мұндай ауқымды міндеттер Түркістан қаласында сәтті жүзеге асып келе жатыр. Бүгінде тарихи қала медицина саласының ғалымдары жиі келетін шаһарлардың біріне айналды. Демек ғылыми орталық ретінде қаланың әлеуеті артып келеді. Бұл – бұлтартпас шындық.