ТРАНСАУҒАН ДӘЛІЗІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНЕ ҚАНДАЙ МҮМКІНДІК АШАДЫ?

0

Орталық Азия елдері жеке дара көзқарастан ойысып, оңтүстікке бағыт алатын халықаралық сауда жолдарын бірлесіп дамытуы тиіс. Қазіргі уақытта жиі талқыланып жүрген трансауған дәлізін құру бастамасына қатысты пікір білдірген өзбекстандық экономист, Ташкент мемлекеттік экономикалық университетінің профессоры Мурат Икрамов осылай мәлім етті.

Қазақстан мен Өзбекстанның көлік-логистика саласын ілгерілетуге қатысты ұстанатын көзқарасы көбіне ұқсас. Соның ішінде трансауған теміржолын құру қос тарап үшін де аса маңызды. Ол Орталық Азияны Ауғанстан және Пәкістан, одан әрі Парсы шығаны елдерімен тікелей байланыстырады.

«Үнді мұхитына тікелей жол ашатын елдің бірі – Ауғанстан. Кез келген тасымал сол дәліз өтіп жатқан мемлекетке пайда әкеледі. Демек, ауған тарапының бұл жобадан ұтары аз болмайды. Тиісінше, Орталық Азияға да берері мол. Қазақстан мен Өзбекстан осы жобаға қаншалықты мүдделі болса, трансауған дәлізі мәселесінің шешімі де соншалықты жеңілдей түседі», — деп пікір қосты белгілі өзбекстандық экономист Мурат Икрамов.

Сарапшының пікірінше, Орталық Азия елдері ірі жобаларды бірлесіп, өзара серіктестікте қолға алғаны жөн.

«Орталық Азия жеке дара көзқарастан ойысып, өзара интеграциялануы тиіс. Кейін соған сай, өңірге бағытталатын инвестиция көлемі ұлғаяды, бірлескен жобалардың тиімділігі артады», — деді Мурат Икрамов.

2021 жылы Өзбекстан, Пәкістан және Ауғанстан ұзындығы 600 шақырымға жуық «Термез – Мазари Шариф – Кабул – Пешавар» теміржолын салу бойынша келісімге қол қойған. Алайда қаржы тапшылығы және ауған жеріндегі саяси жағдайға байланысты құрылысты бастау мерзімі кейінге шегерілді. Былтырдан бері келіссөз қайта жанданды.

Өзбекстан билігі жобаны қаржыландыруға мүдделі араб мемлекеттерімен түрлі форматта кездесу өткізді. Оған қатысуға Қазақстан да дайын. Биыл сәуірде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ауғанстан уақытша үкіметінің вице-премьері Абдулани Барадар арасында өткен келіссөз барысында біздің ел жобаға қосылуға ниет білдірді. Бұл ретте қазақстандық сарапшылар трансауған жобасы экспорттық әлеуетті 40% ұлғайтуға мүмкіндік беретінін алға тартып отыр. Атап айтқанда, 2029 жылға қарай аталған дәліз арқылы алыс-беріс 3 есе өсуі тиіс.

Айта кетейік, кейінгі 2 жылдың ішінде Ауғанстанға бағытталған қазақстандық экспорт көлемі 14 пайызға артқан.

Өзбекстандық сарапшылар атап өткендей, бұл істе енді Ауғанстандағы саяси жағдайдың тұрақтылығы әрі қауіпсіздіктің тиісті деңгейде қамтамасыз етілуі маңызды. Ресми Кабул бұған өз тарапынан кепілдік беріп, құрылысқа мүдделі тараптарды шақырып жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ