ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

0

Денсаулық сақтау саласының қоғам өміріндегі маңызы айрықша, сонымен қатар міндеті де зор. Бүгінде елімізде аталған саланы қолдауға бағытталған түрлі бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асырылып келе жатыр. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы да сәтті жүзеге асуда. Бұған дейін аталған саланың Түркістан қаласындағы әлеуеті турасында тарқата баяндаған едік. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта тарихи қалада маман даярлау, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу сынды маңызды бағыттар жолға қойылып, жемісті жұмыс істеліп келе жатыр. Ауқымды бастамалардың арқасында қол жеткен жетістіктер де аз емес. Мәселен, медицина мамандықтарын меңгеріп жатқан студенттер бәсекеге қабілетті екенін танытса, білікті дәрігерлер бұрын-соңғы өңірде жасалмаған оталарды сәтті жасап, науқастардың өмірін аман сақтап қалып жатыр. Осы орайда, жуырда ғана өткен Түркістан қалалық мәслихатыны тұрақты комиссия отырысында салада атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыланды. Ендеше соған ойысайық…

Жуырда Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлының жетекшілігімен қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өткен болатын. Оған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, қалалық мәслихат депутаттары  тікелей және ZOOM бейнк-конференц байланысы арқылы, сондай-ақ қала әкімдігінің басқа да дербес бөлім басшылары қатысты. Онда бірнеше мәселе қаралғанын айта кеткеніміз жөн. Оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жоғарылату мәселелері бойынша өңірлік штабтың және Түркістан қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа медициналық қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы талқыланды. Бұл тақырып бойынша әуелі сөз алған қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы баяндама жасап, денсаулық сақтау ісінде жүзеге асып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Сонымен қатар жиын барысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Түркістан облыстық филиалының басшысы Қидирбаев Нұрлан Икрамұлы да сөз алып, МӘМС жүйесі бойынша облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Ал Түркістан қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа медициналық қызмет көрсету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарының барысы туралы Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Тасырбаев Райымбек Берікұлы және Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Берденов Бекзат баяндады. Бұдан бөлек, келелі кездесу барысында Түркістан қаласы әкімдігінің «Мәдениет,тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт» бөліміне жүктелген міндеттер мен функциялардың 2023 жылдың қорытындысы және 2024 жылдың есепті кезеңінде атқарған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Комиссия отырысы соңында аталған мәселелер бойынша баяндамалар жіті тыңдалып, мәслихат депутаттары тарапынан қалада атқарылып, жатқан жұмыстардың басым бағыттарын алға тарта отырып, нақты ұсыныстар мен сауалдар қойылды. Бөлім басшылары өз кезегінде сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, өазіргі уақытта денсаулық сақтау ісінде бірқатар реформалар жасалып жатыр. Бұған себеп болатын мәселелер де жоқ емес. Мәселен, қазіргі уақытта ел тұрғындары мен жұмыс берушілер арасында денсаулық сақтау бойынша ортақ жауапкершілік жоқ. Бұл саладағы жауапкершілікті тек мемлекет жүзеге асырып отыр. Ал ел азаматтарында уақтылы тексерістен өту, сауықтыру шараларына қатысу, зиян әдеттерден аулақ болу сияқты әлеуметтік жауапкершілік тиісті деңгейде қалыптаспаған. Бұл ғана емес, мемлекет тарапынан денсаулық сақтау ісіндегі қызмет сапасын арттыру мақсатында бөлінетін қаржы көлемі артқанымен, халықтың демографиялық өсіміне қарай артып жатқан медициналық қызметтерге деген сұранысын тиісті деңгейде қанағаттандыра алмай отыр. Мәселен, елімізде туу көрсеткіші артып отыр. Адамдардың өмір сүру ұзақтығы да артып келеді. Десе де инфекциялық емес аурулардың көрсеткіші де жоғарылаған. Бұл ғана емес, салада сапалы кадрлар легі әлі де тиісті деңгейде қалыптаспай отыр. Әсіресе, басқарушы кадрларға деген сұраныс жоғары. өйткені алғашқы медициналық-санитариялық көмекті көрсету барысындағы медициналық қызметтің төмендігінен стационарлық көмекке кететін шығындардың көлемі артып барады. Мәселен, елімізде денсаулық сақтау ісіне жұмсалатын қаржының жартысынан астамы немесе 51 пайызы стационарлық көмекке жұмсалады. Ал бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде 34 пайыз шамасында. Сонымен қатар медициналық ұйымдардағы ұзақ кезектер мен көрсетілетін қызметтердің сапасыз болуы азаматтарды ақылы емханаларға жүгінуге және өз қалтасынан ақша төлеуге мәжбүрлейді. Қаржылы азаматтар қымбат ем мен дәрі-дәрмек сатып алуға қауқарлы, алайда материалдық жағдайы төмен азаматтар үшін бірқатар медициналық қызметтер қолжетімсіз. Ауыр сыртқаттар мен науқастар санының өсуі, халықтың қартаюы да медицина саласына ауқымды салмақ салып отыр. Нәтижесінде пациенттер тарапынан медициналық қызмет сапасына, дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің төмендігіне, ауруханалар мен емханалардың жұмысының тиімсіздігіне байланысты түсіп жатқан арыз-шағымдар жалпы денсаулық сақтау жүйесі туралы жағымсыз пікір қалыптастырып отыр. Біз атап айтқан мәселелер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде шешімін таба алады. Яғни бұл жүйе арқылы азаматтар табыс пен төлем көлеміне қарамай-ақ сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алады. Әрбір азаматта өзі емделетін денсаулық сақтау мекемесін таңдау мүмкіндігі бар. Сондықтан ауруханалар пациенттер үшін бәсекеге түсіп, медициналық қызметтің сапасын арттыруға, аурухананың материалдық-техникалық базасын кеңейту мен ақ халаттылардың біліктілігін арттыруға көңіл бөле бастайды. Сонымен қатар жүйе денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жарналық төлемдер есебінен өсіп, медициналық көмектің ұлғайып келе жатқан шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. Қала берді, әлеуметтік сақтандыру қоры жоғары сапалы мердігерлерді таңдай алады. Сондықтан қызмет сапасы да қатаң бақылауда болады.

Біз жоғарыда сөз еткен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы жоғарыда атап өткен мәселелерді шешу үшін түрлі бастамаларды көтеріп, сәтті жүзеге асырып келе жатыр. Қазіргі уақытта жалпы облыс бойынша 311 денсаулық сақтау мекемесі тіркелген. Оның 46-сы – мемлекеттік, 265-сы – жеке меншік. 2024 жылы Түркістан облысы бойынша 183 медициналық ұйымдармен 367 келісімшарт түзілен. Оның ішінде түзілген келісімшарттардың 43-і – мемлекеттік ұйымдар болса, 140-ы – жекеменшік медицина ұйымдарға тиесілі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Түркістан облыстық филиалының басшысы Қидирбаев Нұрлан Икрамұлының айтуынша, биыл біз сөз еткен жүйе бойынша қаржыландыру көрсеткіші 7 пайызға артып отыр. Өз сөзінде «Оның ішінде консультативтік-диагностикалық қызметке, ауыл тұрғындарына станционарлық және стационар алмастыратын көмектерге, оңалту еміне және медициналық реабилитацияға қаралған қаржы көлемі артқан. Биылғы жылдың 1 тоқсаны бойынша азаматтардан келіп түскен шағымдардың саны 732 болған. Осы және өзге де мағлұматтар берілген жиында партия филиалының Саяси кеңес Бюросының мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, олардың орындалуы партия филиалының бақылауына алынды» деді ол.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ