КЕЗЕКТІ СПОРТТЫҚ ШАРАҒА 150-ГЕ ТАРТА ТҮРКІСТАНДЫҚ ҚАТЫСТЫ

0

Салауатты өмір салтын қоғамға кеңінен насихаттау – дені сау ұлтты қалыптастырудың негізгі шарты. Сондықтан елімізде аталған бағытта ауқымды бастамалар көтеріліп келеді. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі дені сау ұлтты қалыптастыруда салауатты өмір салтының айрықша рөл атқаратынын айтқан болатын. Нақтырағы ел Президенті өз сөзінде «Азаматтардың салауатты өмір салты – салауатты ұлтты қалыптастырудың негізгі шарты. Сондықтан бұқаралық және балалар спортына ерекше назар аудару керек. Бұл туралы Жолдауда да айттым. Бұл стратегиялық маңызы бар басым міндет екенін қайталап айтамын» деген еді.

Бұған дейін елімізде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қабылданған болатын. Онда негізгі төрт бағыт айқындалған. Ішінде салауатты өмір салтына қатысты арнайы бағыт бар. Осының негізінде еліміздің барлық аумақтарында бірқатар ауқымды шаралардың жалауы желбіреп келеді. Әсіресе, жазғы демалыстың басталуымен мұндай іс-шаралар жаңа қарқын алды. Өйткені жазғы уақытта жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызы айрықша. Бұл түрлі теріс әрекеттер мен жат қылықтардан аулақ етеді. Сонымен қатар халық денсаулығын нығайтуға да ауқымды үлес қоспақ. Бұл тұрғыдан келгенде, тарихи қала Түркістанда қолға алынып жатқан жұмыстар жетерлік. Бұған дейін бірқатар тың жобалар турасында да тарқата баяндаған едік. Солардың бірі — салауатты өмір салтын ұстануды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Жазғы демалыс спортпен» ашық алаң ойындары. Бұған дейін шаһарда аталған тың жобаның ашылуы өтіп, бірқатар спорт түрлері бойынша сайыстар ұйымдастырылды. Әкімдік таратқан ақпаратқа сенсек, 27 мамырда бастау алған спорттық шара маусымның соңына дейін жалғасады.

Жыл сайын ұйымдастырылатын шара халық арасында кеңінен танылып келе жатыр. Мәселен, 27 мамырдан бері 1000-нан астам қала тұрғыны белсенділік танытып, жазғы спорт түрлерінен сайысқа түскен. Жарыстың ең жас қатысушысының жасы небәрі 6-да болса, ең үлкені – 58-ді еңсерген қала тұрғыны. Күні кеше өткен бастаманың кезекті шарасына 150-ге тарта түркістандық тұрғын қатысып, бақтарын сынады. Сайыстар белтемірге тартылу, ләңгі тебу, қол күрес сонымен қатар стритболдан ұйымдастырылды. Жалпы мұндай шаралардың халық денсаулығын сақтау мен салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңызы айрықша. Ал әлеумет өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарап, саулықтың сақтықта екенін ұқса, қоғам өмірі де өзгере түсері анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зертеуіне сүйенсек, адам денсаулығының медицина саласына тәуелділігі шамамен он пайызды ғана құрайды. Ал елу пайызы әр азаматтың өмір сүру салтына, денсаулықты нығайту мүмкіндіктері мен өмір сүру сапасына тікелей байланысты. Сондықтан да ұзақ өмір сүру мен саулықты сақтауда мұндай шараларды кеңінен насихаттаудың маңызы айрықша деген ойдамыз. Айта кетейік, іс-шаралар легі алдағы уақытта да жалғасын табады.


ПІКІР ЖАЗУ