АҚ ХАЛАТТЫЛАР 55 ЖАСТАҒЫ НАУҚАСТЫҢ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛДЫ
Қазіргі уақытта Түркістан қаласындағы денсаулық сақтау мекемелерінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Толығырақ тарқатар болсақ, көптеген ақ халаттылар әлемнің озық клиникаларында тәжірибе алмасып, жаңа білімге ие болды. Қала берді, тиісті сала басқармасы тарапынан материалдық-техникалық базаны нығайту ісі қарқын алған. Осының арқасында көптеген күрделі оталар қаладағы ауруханалардың базасында сәтті жасалып келе жатыр. Мәселен, жуырда Түркістан қалалық орталық ауруханасының базасында ақ халаттылар әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде ишемиялық инсульт кезінде қолданылатын тромбоэкстракция отасы сәтті жүргізілді. Бұл – ауруханада алғаш рет жасалған ауыр ота екенін айрықша айта кеткеніміз дұрыс.
Қазіргі уақытта инсульт елімізде ғана емес, күллі әлемде маңызды медициналық һәм әлеуметтік мәселелердің көш басында тұр. Дәл осы ауру түрі көптеген азаматтардың саулығының сыр беруіне, өлім-жітім мен мүгедектік фактілерінің жиілеуіне негізгі себеп болып отыр. Сондықтан жаһанда дәл осы дерт түрімен күрес шаралары қарқын алып келеді. Оның ішінде инсультті емдеуде әдеттегі әдістердің бірі көктамырішілік тромболитикалық терапия жиі қолданылатыны белгілі. Дегенмен заманауи материалдық-техникалық базаның дамуы жаңа әдістерді жолға қоюға себепші болып отыр. Осының арқасында механикалық тромбоэкстракция ең тиімді емдеу әдістерінің бірі болып отыр. Бұл емдеу тәсілі Түркістан қалалық орталық ауруханасында да жолға қойылды десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені жуырда аурухананың инсульт орталығы бөлімінің меңгерушісі С.Нұртаев және рентген-хирург Б.Усманов бірлесе отырып, жедел жәрдеммен жедел ми-қан айналымының ауыр және күрделі бұзылыстарымен жеткізілген 55 жасар науқасқа «терапевтік терезеге» түсуіне ескере отырып, қысқа уақытта диагноз қойылды. Нәтижесінде ақ халаттылар едел-жедел іске көшіп, тромболизистік тепария жүргізілді. Айта кетейік, дәл осы ота түрі науқастың өмірін сақтап қалу мақсатында жоспардан тыс әрі өте жедел орындалды.
Бұл емдеу тәсілінің ерекшелігі сол, мидың бітелген тамырына стент-ретриверді енгізу арқылы, ұйыған қанды механикалық түрде алып, сыртқа шығару арқылы қалыпты қан ағымын тез және тиімді қалпына келтіреді. Салада алғаш рет жасалған отаның нәтижесінде мидың зақымдануын болдырмауға және инсульттің ауыр зардаптарына жеткізбеуге қол жеткізуге болады. Аурухана базасында жасалған операция рентгендік бақылау арқылы жүрізілді. Бұл ота барысындағы болуы ықтимал қауіптердің алдын алады. Әдістің бірегейлігі оның минималды инвазивті сипаты мен жоғары тиімділігінде жатыр. Алайда инсульт басталғаннан кейінгі алғашқы 6 сағатта ғана жасауға болады. Аурухана басшысы Бекзат Берденов аталған отаға қатысты мынадай пікір білдірді «Қазіргі уақытта тромбоэкстракция технологиясы біздің ауруханада кеңінен игерілді деп сеніммен айтуға болады. Аталған ота пациенттердің жойқын аурудан кейінгі өмірін сақтап қана қоймайды. Қалыпты белсенді өмірге оралуына мүмкіндік береді». Жалпы кез келген медициналық мекемеде дәрігерлердің біліктілігі мен материалдық-техникалық базаның заман талабына сай жаңғыруы көптеген оң жетістіктерге жетуге септін болады. Қала берді, едел-жедел көрілген шаралар мен қойылған диагноз да отаның сәтті шығуына ықпал етеді. Сол себепті де ауруханаға уақтылы жеткізу мен инсультті ерте анықтаудың маңызы қашан да жоғары. Өйткені дәл осы дер түрінде сағаттар мен минуттардың өзі маңызды рөл ойнайды. Айта кетейік, мұндай ауыр оталар бұған дейін де аурухана базасында сәтті жасалған болатын. Мұның өзі медициналық мекемеде білікті дәрігерлердің көптігін және тәжірибелерінің жоғарылығын айғақтаса керек.