ОҚУШЫЛАРДЫҢ XII ЖАЗҒЫ ГИМНАЗИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

0

Салауатты өмір салты көптеген аурулардың алдын алады. Сондықтан да елімізде бұл бағытқа айрықша басымдық беріліп отыр. Қалың оқырманның жадында болса, бұдан біраз уақыт бұрын «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыруды көздейтін маңызды құжатта дәл осы салауатты өмір салтын сақтау мен бұқаралық спортты негізгі басымдықтардың бірі ретінде көрсеткен. Сол себепті қазіргі уақытта өңір-өңірде аталған бастаманы жүзеге асыру бойынша кешенді шаралар қолға алынып отыр.

Жазғы демалыстың басталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Сәйкесінше, еліміздегі мектептер мен орта арнаулы оқу орындарында, қала берді жоғары оқу орындарында оқитын мыңдаған студент ағымдағы оқу жылын аяқтап, демалысқа шықты. Осындайда бос уақытты тиімді ұйымдастыру тетіктерін қарастырудың маңызы айрықша. Өйткені жазғы демалысты пайдалы әрі тиімді ұйымдастыра алмаған жастар түрлі кеселді дүниелерге тап болып, қызығушылықтың соңы тәуелділікпен жалғасып, орны толмас өкініштерге ұрындыруы мүмкін. Осы орайда, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Қазақстан оқушыларының ХІІ жазғы Гимназиадасын ұйымдастыру сынды жауапты қызметті желкесіне жүктеп, маңызы зор бастаманың жалауының желбіреуіне мұрындық болды. Нақтырағы, күні бүгін оқу орнында біз сөз еткен айтулы шараның ашылу салтанаты өтті. Бұл гимназиада ҚР Оқу-ағарту министрлігі  мен  Ұлттық-Ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асып отыр. Басты мақсат — дене шынықтыру мен спортты одан әрі жаппай дамыту, оқушылар арасында патриоттық тәрбиені күшейту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, сонымен қатар жастарға бос уақытты тиімді ұйымдастыру тетіктерін көрсеті. Бәсі биік бәсекенің ашылу салтанатына белгілі азаматтар, спортшылар, бапкерлер мен университеттің басшылық құрамы қатысты. Ашылу салтанатында сөз бастаған университеттің әлеуметтік-мәселелер вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев барша командаға сәттілік тіледі. Сонымен қатар өз сөзінде «Құрметті жас спортшылар, Түркістанға қош келдіңіздер! Облысымызда осы спорттық сайысты өткізуге шешім қабылдаған ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен Ұлттық-Ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығына алғыс білдіреміз!» деп атап өтті.

Бұл ғана емес, вице-ректор еліміздің бірнеше өңірінен келген оқушыларға университеттің мүмкіндіктерін паш етіп, оқуға шақырды. Спорт, дене шынықтыру бағытын таңдаушыларға оқу ордамыздың  ұсынар мол мүмкіндіктерін айтты. Гимназиадаға Алматы,  Шымкент, Атырау, Түркістан, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл, Қарағанды өңірлерінен келген командалар қатысуда. Спорттық додаға қатысушы командалар ерлер және қыздар арасында дзюдо мен самбо және белбеу күресі мен волейбол спорт түрлерінен өзара сайысқа түсетін болады. Гимназиада 19-маусымға дейін жалғасады. Республикалық кезеңде жеңіске жеткен оқушылар Бахрейн әмірлігінде өтетін Дүниежүзілік оқушылар арасындағы гимназиадаға жолдама алады.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және қолдауымен қазақстандық оқушылар жыл сайын халықаралық деңгейде өтетін додаларда өзгелерден оза шауып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Бір ғана 2023-2024 оқу жылында еліміздің мектептерінде оқитын өскелең ұрпақ түрлі халықаралық деңгейде өткен олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында 600-ден астам медаль иеленіп, елдің мерейін үстем еткен. Осы орайда, Түркістан қаласында ұйымдастырылып отырған гимназиада жас спортшылар өз шеберліктерін шыңдауға, тәжірибе алмасуға, сонымен қатар жаңа достар арттырып, танымын кеңейте түсуге мүмкіндік алады. Әрине, бұл шара болашақта еліміздің атын әлемдік деңгейде танытып, әнұранымыздың асқақтауына мүмкіндік беретін спортшыларды іріктеуге мүмкіндік береді. Биыл спорттық сайыстар 2 маусым-28 тамыз аралығында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында өтеді. Гимназиада барысында 2 мыңнан астам оқушы сайыстыңи 52, ал спорттың 23 түрі бойынша бәсекеге түседі. Оның қатарында үстел теннисі, футбол, регби, бадминтон, спорттық бағдарлау, корабль құрастыру, ұлттық спорт түрлері бар.

 

 

 


ПІКІР ЖАЗУ