ЕКПЕ САН ТҮРЛІ ДЕРТТЕН САҚТАНДЫРАДЫ

0

Екпе егу – көптеген ауыр жерттің алдын алады. Десе де қоғам арасында екпеге қарсылардың барын да ұмытпағанымыз абзал. Түрлі қаңқу сөз бен алып-қашпа әңгіменің кесірінен бүгінде көптеген ата-ана баласына екпе қабылдауды түрлі желеумен кешеуілдетіп жіберетіні жасырын емес. Өз кезегінде, ақ халаттылар мұның пайдасы көп екенін айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жандандырып келе жатыр. Осы орайда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Клиника-диагностикалық орталық пен «Turkistan» телеарнасы арасындағы ынтымақтастық аясында жүргізілетін «Шипа» бағдарламасының кезекті саны жоғарыда атап өткен екпе тақырыбына арналды.

«Екпе – көп аурудың емі» тақырыбында қалың көрерменге жол тартқан «Шипа» бағдарламасының 48-шығарылымында Клиника-диагностикалық орталығының дәрігері Айдана Өтеш пен аталған орталықтың мейірбикесі Юлдуз Гуламова тақырып турасында кеңінен ақпарат беріп, құнды кеңестермен бөлісті. Спикерлердің сөзінше, екпеден қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, екпе сан түрлі дертке дауа болады. Бұл дегеніміз – адам ағзасына вакцина немесе арнайы тәсілмен дайындалған антигендік қасиеті бар заттарды енгізу арқылы белгілі бір дерттің алдын алу. Біз сөзбен айтқанда, екпені сан түрлі аурудан сақтандыратын әдіс деп атауға болады. Бүгінде денсаулық сақтау саласында екпенің бірнеше түрі бар. Оның бірі – міндетті екпе. Бұл шара балаларды туберкулез, қызылша, күл, сіреспе, көкжөтел, гепатит сынды аурулардан сақтандыру үшін жүзеге асырылады. Сонымен қатар нәрестелі болатын қыздар мен әйелдерге арналған қызамыққа қарсы вакцина бар. Ал мал шаруашылығымен айналысатын немесе олардың өнiмiн өңдейтiн адамдарда күйдiргiге қарсы жоспарлы кәсіби егу, нақты аймақтағы тұрғындар арасында iндет қаупi төнген кезде эпидемиялық көрсеткiш бойынша егу жүргізіледі. Бұл әдістер көп жағдайда инфекциялық тәсілмен, яғни тері астына, бұлшықетке ине салу әдісімен жүргізіледі.

Бағдарлама барысында екпенің маңызы мен міндетінен бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі турасында да кеңінен ақпарат берілді. Атап айтар болсақ, бағдарлама қонақтары «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дегеніміз не?», «Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?», «Барлық денсаулық саласына қатысты мәселелер міндетті сақтандыру жүйесінде қалай шешіледі?», «МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар қандай медициналық көмекке жүгіне алады?», «МӘМС жағдайында дәрілік қамтамасыз ету қалай жүргізіледі?», «Жарна төлемеудің салдары қандай болуы мүмкін?», «МӘМС жүйесінде қандай медициналық қызметтер тегін?», «МӘМС жүйесін қандай санаттар тегін пайдалана алады?» деген қоғамның көкейіндегі өзекті сауалдарға жауаптар берді. Бағдарлама тікелей эфирде өткендіктен, көрермен қауым студияға хабарласып, көкейін тескен сауалдарына жауаптар алды. Бас-аяғы 3 сағатқа созылған тікелей эфир барысында білікті дәрігерлер екпе мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі турасында толыққанды ақпарат алды. Сонымен қатар студия қонақтары тарапынан керек кеңес, маңызды ұсыныстар да берілді. Айта кетуіміз керек, елімізде тұмаудың эпидемиологиялық маусымына дайындық мақсатында 2 млн-нан аса вакцина сатып алынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеген болатын. Нақтырағы ол өз сөзінде «Биыл тұмауға қарсы ресейлік «Гриппол» вакцинасының 2,2 млн дозасы сатып алынды. 1 қыркүйекке дейін барлық медициналық ұйым вакцинацияға дайын болуы тиіс» деп атап өтті. Бұл екпе түрін медициналық қызметкерлер, балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар ересек адамдар, медициналық-әлеуметтік ұйымдарда тұратындар екпені тегін алады. Ал қалған азаматтар ақылы түрде екпе ала алады.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ