ТҮРКІСТАНДА ФУТБОЛДАН АШЫҚ БІРІНШІЛІК БАСТАЛДЫ

0

Бұқаралық спорт қоғамда кең таралса, халықтың денсаулығы мықты болады. Демек спорт ұлт саулығына ықпал ететін маңызды салалардың бірі саналады. Бұл қағида мемлекетімізде өзектілігін жоймайды. Сондықтан болар «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының төртінші бағыты дәл осы бұқаралық спортты танымал етуді көздейді. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Мәселен, жаз маусымында тарихи қалада ашық алаң ойындары ұйымдастырылды. Оған облыс орталығындағы сектор тұрғындары белсене атсалысты.

Бұл ғана емес, түрлі тақырыпта спорттық шаралар да белсенді өткізіліп келе жатыр. Осындай маңызды іс-шараның бірі жуырда тағы да өтті. Тарқата баяндайтын болсақ, Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін алған облыс орталығында шаһардың дамуына өлшеусіз үлес қосқан Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевты еске алуға арналған спорттың футбол түрі бойынша Түркістан облысының ашық біріншілігінің ашылу салтанаты болып өтті. Байрақты бәсекенің ашылу рәсіміне Түркістан қалалы мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы мен Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, сонымен қатар қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты.

Жалпы Түркістанды бұған дейін ел жұртшылығы туризм орталығы ретінде танитын. Сәулеті мен кескін-келбеті жарасқан қалаға келушілердің де қатары қалың. Десе де соңғы жылдары тарихи қалада білім мен спорт саласы да жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Бүгінде бұл шаһарда Ұлы баба атымен аталған кесене орналасқан. Алаштың төл тарихында есімі алтын әріппен жазылған азаматтардың сүйегі де дәл осы жерде жатыр. Мұның баршасы Түркістанның рухани қала екенін айғақтайды. Бұл ғана емес, бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен облыс орталығындағы салалардың ілгері басуына үлес қосып, еселі еңбегімен елдің назарына түскен азаматтар баршылық. Солардың бірі — Өсербаев Әліпбек Шәріпбекұлы. Бұл азамат Қарағанды қаласында зауытта машинист, шебер жұмысынан бастап, Түркістанда зертхана инженері, комбинат цех шебері, экономист, цех бастығы, бас инженер, рудасыз материалдар комбинатының директоры, қалалық мәслихат хатшысы, құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Кентау, Түркістан қалаларының әкімінің орынбасары, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, Ордабасы ауданының әкімі қызметтерін атқарған тұлға еді. Осы орайда, ұйымдастырылып отырған біріншіліктің мақсаты – арда азаматтың өнегелі істерін жастарға насихаттай отырып, бұқаралық спортты дамыту, футбол бойынша спортшылардың шеберлігін шыңдау, өскелең ұрпақты спортқа баулу, сонымен қатар салауатты өмір салтын қоғамға кеңінен насихаттау. Бұл жолы ашық біріншілікке Түркістан, Кентау, Сауран, Сарыағаш, Бәйдібек, Жаңақорған аудандарынан бас-аяғы 9 команда қатысып, бақтарын сынап жатыр. Бәсеке толы жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері алдағы уақытта анықталатынын айта кеткеніміз жөн.

Айта кету керек, Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылып келе жатыр. Ондағы мақсат – әлеумет арасында бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау. Жыл сайын дәстүрге айналған шаралар да баршылық. Оның қатарына жаз бойы ұйымдастырылған ашық алаң ойындары да кіреді. Биыл бұл шараға қаланың жүздеген тұрғыны қатысты. Аптаның демалыс күндері тарихи қаланың бір емес бірнеше жерінде жалауы желбіреген спорттық бәсекеде азаматтар дойбы, секіргішпен секіру, асық ату мен тоғызқұмалақ, шахмат және ләңгі тебуден бақтарын сынап, өзара мықтыны анықтады. Мұндай бастамалардың мәні мен маңызы айрықша. Өйткені ұлт сапасының жоғары болуы спорт пен бұқаралық спортқа тікелей байланысты. Жұртшылық салауатты өмір салтын ұстанып, белсенді қимылды өмір салтына айналдырса, ден сау, ғұмырдың ұзақ болары айқын.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ