ҚОС МАМАН МЕДИЦИНА САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМІН ЖЕТІЛДІРУ МҮМКІНДІГІНЕ ИЕ БОЛДЫ
Елімізде медицина саласын дамыту бойынша кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр. Ол үшін арнайы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы да қабылданған. Бұл маңызды құжат саланың әлеуетін көтеру бойынша бірқатар шараларды біріктіреді. Ол қатарда кадр саясаты да бар. Жасыратыны жоқ, елімізде, оның ішінде Түркістан облысында кадр тапшылығы бар. Сондықтан маман даярлау ісінде ілкімді шаралар қолға алынып келеді. Мәселен, бұған дейін жергілікті жердегі сапалы маман тапшылығын эою мақсатында бюджеттен қаржы қаралып, гранттар берілген еді. Бұл гранттар бойынша түлектер өңіріміздегі медицина мамандарын даярлайтын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқи алады.
Бұл білім беру мекемесі қазіргі уақытта халықаралық байланыстарды нығайту бойынша ауқымды шараларды атқарып келеді. Кадр даярлау ісін дамыту бойынша Түркия мемлекетінің бірқатар оқу орындарымен де келісімге келген. Соңғы жылдар ішінде арнайы бағдарлама негізінде Анадолы топырағының кіл мықтылары Түркістанға табан тіреп, бар білгенімен бөлісті. Оқу орны басшылығы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы да оқытушылардың әлеуетін арттыруға басымдық беріп келеді. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасының маңызы айрықша. Жуырда біз сөз еткен оқу орны тамаша жаңалықпен бөлісті. Атап айтсақ, медицина мамандарын даярлайтын университеттің бір емес екі маманы «Болашақ» стипендиясының иегері атанып отыр. Университет таратқан ақпаратқа сүйенсек, шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 183 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясына ие болды. Оның ішінде 33 қазақстандық ғалымға әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылым және экономика үшін аса маңызды бағыттар бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуге гранттар бөлінді. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ойыссақ, Медицина факультеті, Қоғамдық денсаулық сақтау және ғылыми зерттеулер кафедрасының меңгерушісі, Ph.D, аға оқытушы Омарова Балнұр Әділбекқызы мен Медицина факультеті, Фундаментальды ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, Ph.D, доцент міндетін атқарушы Саржанов Фахриддин Нурмахамедович «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Енді алдағы уақытта біз сөз еткен кәсіби мамандар Америка Құрама Штаттарының Сан-Диего қаласындағы «Калифорния» университетінде «Қоғамдық, экологиялық және кәсіби денсаулық сақтау» және «Микробиология» ғылыми бағыттары бойынша тәлім алып, білімін толықтырады. Бас-аяғы бір жылға жуық сонда болатын мамандар болашақта білгенін шәкірттеріне үйрететінін айтады.
Айта кету керек, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде медицина факультет ретінде 1991 жылы өз жұмысын бастады. Бұл факультетте бастапқыда 100 студент білім алса, уақыт өте келе олардың саны айтарлықтай өсті. Соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі таңда аталған университеттің медицина факультетінде бакалавр бағдарламасы бойынша 3 мыңға жуық студент білім алса, магистратура мен докторантура бағдарламалы негізінде 40-қа жуық азамат білімін жалғастыруда. Оның қатарында 17 шет мемлекеттен келген 40-тан астам студент бар. Соңғы жылдар ішінде шеттен келетін жастардың саны артқан. Мұның өзі білім беру бағдарламасының халықаралық деңгейде мойындатып жатқанын айғақтаса керек. Қазіргі уақытта факультет құрамында 9 кафедра жұмыс істейді. Олар — адам морфологиясы және физиологиясы, акушерлік іс және гинекология, арнайы клиникалық пәндер, жалпы хирургия, жедел медициналық жәрдем, педиатрия, пропедевтика және ішкі аурулар, профилактикалық медицина, хирургиялық аурулар. Бүгінде дәл осы факультетте білім алатын студенттер университетке қарайтын Клиника-диагностикалық орталықта теорияда алған білімін практикада жалғастырып жатыр. мұның өзі еңбек нарығына қажет сапалы мамандардың даярланып шығуына себепші болып отыр.