АППАРАТ МӘЖІЛІСІ: БАСҚАРМАЛАРДЫҢ БИЫЛҒЫ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жол, құрылыс, жайлы ортаны дамыту салаларындағы былтырғы жұмыстардың есебі мен алдағы жоспарлар талқыланды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р. Ибрагимов өткен жылды қорытындылап, 2025 жылға жоспарланған жобаларды баяндады.
Бүгінгі таңда қалада жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасымен қаралған маршруттық желіні оңтайландыру қажеттілігі туындауда. Тасымалдаушылар тарапынан 235 жаңа автобустарды жаңарту көзделуде, оның ішінде газ метанды пайдаланатын 180 автобус, дизель отынды пайдаланатын 30 автобус және 25 шағын автобус сатып алу жоспарлануда. Автобустарды газ-метанмен толық және үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында биыл І-тоқсанда «Shymkent Bus» ЖШС автопаркінің аумағындағы үшінші газ станциясын іске қосу жоспары бар.
Аппарат отырысында Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Р. Меңдіқұлов саланың жоспарларымен бөлісті. Биыл Қызылжар-2, Жанаталап, Алтынтөбе, Құрсай тұрғын алабтарындағы жаңа құрылыс аумақтарында газ жүйесінің құрылыс жұмыстары басталады. 6 нысанда және Қайтпас-1 елдімекеніндегі 6 көшеде газдандыру жұмыстары аяқталады. Қаланың демографиялық өсімі және өндіріс алаңдарының тұрақты өсу үдерісі ескеріліп, инфрақұрылым қуаттылығын арттыратын 1 кәріз тазарту қондырғысын салу көзделуде.