«МАРХАБАТ» ЖУРНАЛЫ — РУХАНИ ӨМІРГЕ ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕТІН ЖАҢА БАСЫЛЫМ
Шымкеттегі Әл-Фараби кітапханасында Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толуына орай «Мархабат» журналы мен markhabat.kz порталының таныстырылымы өтті. Айтулы іс-шараға Шымкент қаласы мен көршілес Түркістан облысындағы зиялы қауым мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Әдеби журналдың таныстырылымын Түркістан облыстық мәслихатының депутаты , белгілі журналист Ғалымжан Елшібай ашып берді. Одан әрі қарай журналды бас редакторы Оралхан Дәуіт басылымның негізгі мақсатына тоқталып өтті .
Танымал жазушы Н.Бегалы мен жазушының жұбайы Қыздаркүл апай да әдемі басқосуда өз естеліктерімен бөлісті.
Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетовтер де сөз алып, бұл жобаның мазмұнына тоқталып, журналдың болашақта өз оқырманын табатынын, өміршең болатындығын атап өтті.
Шымкент өңірінде рухани өмірге тың серпін беретін жаңа басылым дүниеге келді деген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек:
— «Мархабат» журналы — қазақтың мәдениеті мен құндылықтарын дәріптейтін ерекше жоба. Журналдың басты мақсаты — ұлттық салт-дәстүрді, рухани мұраларымызды насихаттау және оқырманға мейірім мен ізгілік жолын көрсету. Тіпті, журналдың «Мархабат» деген атауының өзі мейірім мен махаббатты, ізгілік пен құрметті білдіреді. Бұл атау Шымкент өңірінің қонақжайлығы мен адамгершілік қасиеттерін бейнелейді. Журнал болашақта барша қазақ еліне ортақ рухани қазына ретінде әр оқырманға мейірім, сүйіспеншілік және өмірге деген жаңа көзқарас сыйлайтынына сенімдіміз,- деді.