ШЫМКЕНТТЕ “ТҰРМЫС” ЖЕДЕЛ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ӨТУДЕ
Шымкент қаласында қаңтар айының 20-29 күндері аралығында “Тұрмыс” жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Басты мақсат отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастарда жасалатын ауыр және аса ауыр қылмыстарға жол бермеу, құқық бұзушылық профилактикасы бойынша жағдайды тұрақтандыру. Бұл іс-шара бүгін Еңбекші аудандық полиция басқармасының ұйымдастыруымен жалғасын тапты. Тәртібіне ерекше қадағалауды қажет ететін азаматтардың тұрғылықты мекен-жайларына барып, түсіндірме жұмыстарын жасады. Бұл туралы Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Сара Талғатқызы айтты.
— Жоспарға сәйкес криминогендік жағдайды сауықтыру, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында, Шымкент ҚПД Еңбекші АПБ ЖПҚБ-нің қызметкерлерімен біршама жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, спирттік ішімдіктерге әуес, отбасы-тұрмысы саласында құқық бұзушылықтар жасайтындар және тұрмысы нашар отбасылар мен тізімдік есепте тұрған азаматтарды, әкімшілік учаскелердегі тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді,-дейді ол.
Сондай-ақ, Еңбекші аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы №3 арнаулы әлеуметтік дағдарыс орталығымен тығыз жұмыс жасайды. Мәселен, “Ана үйі” қоғамдық қорынан қызмет алушылар полиция бақылауында. Ал, “Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне жедел ден қою алгоритмі”, “Заң және тәртіп” тақырыптарында Шымкент қаласы №36, №43, №97 жалпы орта білім беру мекемелерінде білім алушылар мен мұғалімдер арасында құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу мақсатында профилактикалық дәрістер жүргізілген.