ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысының жұмысшы тобының Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлеріне «Серпін – 2050 мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқуға түскен жастармен кездесу және ынтымақтастық қарым-қатынас орнату жұмыстары басталды.
Түркістан облысынан құрылған арнайы жұмысшы топ мүшелері Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде болып, ғылыми зерттеу орталығы, үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы, жатақхана, IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі сияқты жоғарғы оқу орнының ірі құрылымдық бөлімшелерінің жұмысымен танысты. Бұл университетте 472 студент «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша оқып жатыр. Оның ішінде, Түркістан облысынан 201 студент білім алуда.
Жұмыс сапары барысында Түркістан облысының делегациясы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті студенттермен кездесіп, сұхбаттасты. Сонымен қатар білім ордасына экскурсия жасап, шеберхана және ғылыми орталықтарға барды. Қазақстан-неміс институтында болып, студенттер үйінде тұратын жастардың жағдайымен танысты.
Одан бөлек, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқу базасымен танысып, студенттермен кездесті.
Нәтижесінде, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнату жөнінде меморандум жасалды.
Айта кетейік, жұмысшы топтың іссапары Семей қаласындағы А.Бөкейхан университеті және Павлодар облысындағы Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, С.Торайғыров университеті, Инновациялық Еуразиялық университетінде жалғасатын болады.