40 МЫҢ ЖАС ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТКЕНІ ҮШІН ЖАЛАҚЫ АЛАДЫ

Жұмысшы мамандықтар жылының аясында жұмыссыз жастар тәжірибеден өте алады. Түлектер мұндай практикаға қатысқаны үшін 12 ай бойы жалақы алады.
– Жастар практикасы — меңгерген кәсібі бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы, алдыңғы 5 жыл ішінде оқуын аяқтаған жұмыссыз жастарға арналған субсидияланатын жұмыс орындарының бір түрі, – дейді министрлік өкілдері.
Жауаптылар ниетті жастар тәжірибеден қалай өтетінін түсіндірді.
– Жастар практикасы бір жылдан астам жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен ұйымдарда уақытша жұмыс орындарын құру арқылы ұйымдастырылады. Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға кәсіби білімін және жұмыс тәжірибесін беру үшін тәжірибелі жұмыскерлер арасынан тәлімгер бекітеді, – дейді олар.
Түлектер жастар практикасына 12 ай ғана қатыса алады. Ал олардың жалақысы бюджет қаражаты есебінен субсидияланады.
– Бұл ретте субсидияның 1 айдағы мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескергенде, кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті (2025 жылы – 117 960 теңге) құрайды, – дейді ведомство өкілдері.
Биыл елімізде дәл осы бағдарламамен 40 мың азамат тәжірибеден өтеді деп жоспарланған.
– 2025 жылғы 3 сәуірдегі жағдай бойынша жастар практикасына 5 185 жас маман жіберілді, оның ішінде жұмысшы мамандықтар бойынша – 2 679 адам. Бұл – тәжірибеден өтушілердің 51,7%-ы, – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еске сала кетейік, бұған дейін сұранысқа ие кадр даярлауға не кедергі екенін анықтап көрген едік.