ШЫМКЕНТТЕ ҰЛЫ ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ӘНДЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

«Біртұтас ел-біртұтас жер» бағдарламасы аясында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл, Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының қаһарман қызы, сұлулық пен жастықтың мәңгілік бейнесі Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай «Айбынды жастар — тәуелсіздік тірегі» тақырыбындағы әскери-патриоттық әндер фестивалі аяқталды.
Фестивалді ұйымдастыруға «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің Республикалық Одағы» Қоғамдық Бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының ардагерлері мен төрағасы Мұрат Аманбаев жетекшілік етті. Фестиваль Шымкент қалалық Білім Басқармасына қарасты 150 ЖББОМ-тер арасында болды.
Байқау төрт жанрда, дәстүрлі, эстрадалық, опералық және фолклорлық бағыттар бойынша іріктеу өткізілді. Іріктеуде үздік шыққандар республикалық патриоттық әндер байқауына жолдамаға ие болады.
Фестивалға қатысқан оқушылардың өнерін бағалауға әнші, тарихшы түрлі сала мамандары мен ардагерлер қазылық етті.
Шараны «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Алтын Барыс» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері отставкадағы полковник Серікбай Онбаев пен «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Мұрат Аманбаев ашып, жастарға сәттілік тіледі.
Жиынға «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» «Ерлік музейі» бөлімінің қызметкерлері мен Шымкент қалалық Қоғамдық Бірлестіктер коалиция ардагерлері,«Желтоқсан ақиқаты» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Оспанова Гүлмира Болатқызы және басқа ҚБ ардагерлері қатысты.
Фестиваль соңында қатысушылар марапатталып, оларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Бас жүлдеге теледидар, бірінші орынға дауыс күшейткіш музыкалық құрылғы, екінші орынға да дауыс күшейткіш музыкалық құрылғы, үшінші орындарға да бағалы сыйлықтар табысталды. Белгілі кәсіпкерлер Рашид Хасанов және Жомарт Абсеев атсалысып, демеушілк жасап, жастарға үлгі көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені № 35 М. Мәметова атындғы жалпы орта білім беретін мектебі қанжығасына байлады.
Жалпы, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, патриоттық сезімдерін оятып, тарихи тұлғаларымыздың ерлігі мен өнегесін насихаттауда бұл өткізілген фестивалдің маңызы зор болды.
Шараға қатысқан мектеп оқушылары патриоттық әндер орындап, Отанға деген сүйіспеншілігін өнер арқылы жеткізді. Әрбір қатысушының өнері көрерменнің көңілінен шығып, елдік рухты биік деңгейде көрсете білді.