ҚҰРАҚ ҚҰРАУ — БІРІГУДІҢ БЕЛГІСІ

Қазақ халқының бай мәдени мұрасы сан ғасырлық тарих пен терең танымды бойына жинаған. Соның бірі – талайды тамсандырған, ұлт руханиятының айнасына айналған құрақ құрау өнері. Бұл – тек қолданбалы қолөнер ғана емес, қазақ халқының өмір салты мен дүниетанымын бейнелейтін ерекше рухани мұра.
Құрақ құрау – сан түрлі матадан қиыстырып жасалатын бұйым ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының символы. Халқымыз ертеден-ақ құрақтан тігілген көрпе, жастық, тұскиіз сынды бұйымдарды жас келінге, нәрестеге тарту етіп, «ұрпағың көп болсын, шаңырағың шаттыққа толы болсын» деген ізгі тілектерін жеткізген. Бұл – ұлттық болмыстың айғағы.
Осы бір асыл өнерді жаңғырту және жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Құрақ құрау – өнердің сарқылмас қайнар көзі» атты тағылымды шеберлік сағатын ұйымдастырды. Іс-шара барысында қатысушылар ұлттық өнеріміздің тереңіне бойлап, оның мән-маңызымен кеңінен танысты.
Мерекелік жиынның шарықтау шегі – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында қолға алынған «Аламан құрақ» жобасының жетістіктерімен бөлісу сәті болды. Айта кетсек, шеберлердің бірлесіп дайындаған жалпы көлемі 11 200 шаршы метрді құрайтын, 450 құрақ көрпеден тұратын орасан зор туынды Гиннесс рекордтар кітабына енген. Бұл – ұлттық өнеріміздің халықаралық деңгейде мойындалғанының дәлелі.
Шара барысында өнер майталмандары марапатталып, оларға шынайы құрмет көрсетілді. Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев арнайы сөз сөйлеп, шеберлердің еңбегіне алғысын білдірді.
Құрақ құрау – көркемдік кестенің ғана емес, ананың тәрбиесінің, елдің эстетикалық талғамының көрінісі. Сан алуан түстің үйлесім табуы – қазақтың әдемілікке, жарасымдылыққа деген іңкәрлігінің нышаны. Бұл өнерге зер сала қараған адам халықтың бай рухани әлемін, табиғатпен етене байланысын айқын аңғара алады.
Бүгінгі таңда осындай игі шаралар арқылы ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, болашаққа аманаттау – басты мақсат. Өйткені, өнер – ұлттың жаны. Ал құрақ құрау – сол жанның бояулы бейнесі.