ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бүгін қала аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызды нысандарды аралап, құрылыс қарқыны мен сапасына қадағалау жүргізді. Іссапар барысында әкім тұрғын үй құрылысы, мәдениет, спорт және діни нысандардағы жұмыстардың барысына тоқталып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.
Әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысқан қала басшысы жұмыстың сапасы мен мерзімінде аяқталуына ерекше назар аударды. Қазіргі таңда бұл кешен қаладағы маңызды тұрғын үй жобаларының бірі саналады. Нысандарды 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.
Құрылысы жүріп жатқан тағы бір ауқымды жоба – көпфункционалды ипподром кешені. Жоба аясында 1500 орындық ашық трибуна, 120 орындық жабық манеж, жаттығу алаңдары, 100 жылқыға арналған атқоралар, ветеринарлық блок, левадалар, поддок, жазғы денниктер, шөп қоймасы, екі сатылы суару жүйесі бар ұңғымалар салынады. Бұл кешен қаладағы спорт инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, ұлттық ат спортының дамуына серпін бермек.
Қала әкімі Отырар шағынауданында бой көтеріп жатқан 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылыс алаңында да болды. Жоба жалпы 11,4 гектар аумақты қамтиды. Құрылысы 85 пайызға аяқталған тұрғын үйлерде 800 пәтер қарастырылған. Жобалаушы мекеме – «Project Building» ЖШС. Бұл үйлердің ел игілігіне берілуі жүздеген отбасының баспана мәселесін шешуге сеп болады.
Әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеріп жатқан мешіттің құрылыс алаңы 4,2 гектарды құрайды. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, сырлау, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мешіт – тек ғибадат орны ғана емес, тұрғындарды рухани бірлікке үндейтін маңызды әлеуметтік нысан. Әзімбек Пазылбекұлы аралаған тағы бір нысан – жаңа Мәдениет үйі. Бұл ғимарат 500 орындық көрермен залы, көрме және хореография залдары, үйірме бөлмелерімен қамтылған. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы құрылысы толық аяқталған. Ішкі әрлеу, инженерлік желілерді орнату жұмыстары жүріп жатыр. Бұл нысан болашақта қала тұрғындарының шығармашылық және мәдени сұранысын қанағаттандыруға бағытталған ірі орталыққа айналмақ.
Қала басшысының құрылыс нысандарын аралап, бақылау жүргізуі – Түркістанда инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың сапалы әрі уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Құрылыс жұмыстарының барысы қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға және қаланың көркейіп, жаңаруына негіз болмақ. Әкімдік тарапынан жобалардың сапасы мен мерзімін қатаң қадағалау жалғаса береді.