ТҮРКІСТАНДА САНИТАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

0

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында қаладағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал мен ветеринариялық жұмыстардың барысы кеңінен талқыланды. Мәжіліске қала әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, құқық қорғау және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері қатысты.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шарифа Омарәліқызының айтуынша, 2025 жылдың басынан бері қала тұрғындарынан 75 арыз-шағым түскен. Оның 20-сы қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нүктелеріне қатысты. Арыздардың негізгі бөлігі санитариялық талаптардың сақталмауы, өнім сапасының төмендігі, тасымалдау және сақтау ережелерінің бұзылуы және гигиеналық жағдайдың нашарлығы сияқты мәселелерге байланысты болған. Осыған байланысты қала әкімі кәсіпкерлік субъектілері мен санитариялық қызметтердің өзара іс-қимыл деңгейінің әлсіз екенін атап өтті. Ол «тәуекел аймағына» жататын нысандардың тізімін жасап, оларды жүйелі түрде тексеріп отыруды, сондай-ақ санитариялық талаптарды елемейтін қоғамдық тамақтану орындарына қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Жиын барысында қала аумағында кене шағу оқиғаларының тіркелгені, сонымен қатар эпидемиологиялық маңызы бар 227 нысанның 204-і санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп жатқаны да белгілі болды. Бұл туралы мәліметті қала басшысы қоғамдық қауіпсіздікке төнетін нақты қатер деп бағалап, жауапты бөлімдерге дер кезінде шара қолдануды тапсырды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – ветеринариялық ахуал. Қалалық ветеринариялық бөлімнің басшысы Сәбит Есіркепұлының мәліметіне сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларына аса қауіпті ауруларға қарсы 57 130 доза вакцина жоспарланған, оның ішінде 27 068 доза жеткізіліп, 16 198 доза енгізілген. Сонымен қатар, қаңғыбас жануарларды аулау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны және бұл бағытта да нақты қадамдар жасалып жатқаны айтылды. Мәжіліс соңында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық сала басшыларына тұрғындардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау – басты міндет екенін еске салды. Ол барлық атқарушы органдарға қауіпсіздік шараларын күшейту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, жауапкершілікті күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Бұл аппараттық жиын Түркістан қаласындағы санитариялық және ветеринариялық қауіпсіздікке деген жоғары жауапкершілікті көрсетеді. Қала басшылығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдап, қоғамдық денсаулық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуді жалғастыруда.

 


ПІКІР ЖАЗУ