ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП ПЕН ТУРИСТІК ТАСЫМАЛ БАСТЫ НАЗАРДА

Тарихы терең, руханияты бай Түркістан қаласы бүгінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның мәдени және туристік орталығына айналып отыр. Ел Президентінің тапсырмасымен қабылданған «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» заң аясында қала аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, туристік қызмет сапасын арттыру және заң аясында кәсіп жүргізу — жергілікті атқарушы органдардың басты назарындағы мәселеге айналды.
Бұл мәртебе Түркістанға үлкен мүмкіндікпен қатар зор жауапкершілік жүктеп отыр. Туристер үшін қауіпсіз, ыңғайлы әрі тартымды қала болу — тек инфрақұрылыммен ғана емес, күнделікті тәртіппен де тікелей байланысты. Сол жауапкершілік аясында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің туризм және бизнес саласына жауапты бөлімдері мен қалалық полиция басқармасы бірлесіп, туристік нысандар маңындағы электрокар қызметіне тексеріс пен түсіндіру жұмысын жүргізді. Мәдени-рухани орталық аумағында өткен шараға қалалық туризм және бизнесті қолдау бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов, қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Нұржан Нұршилов қатысты.
Электрокарлар — Түркістандағы туристік тасымалдаудың маңызды буыны. Бұл көліктер негізінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Ясауи бағы, Ұлы дала елі орталығы, Әзірет Сұлтан қорық-музейі сияқты тарихи-мәдени кешендерге бағыт алған саяхатшыларға қызмет көрсетеді. Олар жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен тарихи аумақтың экологиялық тазалығын сақтау мақсатында пайдаланылып келеді. Алайда қала әкімдігі тарапынан қойылатын басты талап — жолаушылардың қауіпсіздігі мен жол қозғалысы ережелерінің қатаң сақталуы. Түсіндіру жұмыстары кезінде электрокар жүргізушілеріне жол белгілері мен маршрут тәртібін сақтау, жолаушыларды заңға сай және қауіпсіз тасымалдау, туристерге сыпайы, мәдениетті қызмет көрсету сынды негізгі қағидалар ескертілді. Мұндай шаралар тек бақылау мақсатында емес, алдын алу және мәдениет қалыптастыру үшін жүргізіліп отырғаны да ерекше атап өтілді. Жергілікті билік өкілдері мен құқық қорғау органдарының айтуынша, қалада жүргізушілер арасында бейберекет қозғалысқа жол берілмеуі тиіс, себебі бұл — тек тәртіп бұзушылық емес, Түркістанның туристік имиджіне де нұқсан келтіреді.
Бұл жолғы іс-шара бір реттік акция емес. Қала әкімдігі алдағы уақытта да мұндай бірлескен түсіндіру, бақылау және мониторинг жұмыстарын тұрақты негізде жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қала әкімінің тікелей бақылауында болады. «Түркістан — халықаралық деңгейдегі туристік қала. Біз бұл мәртебені сақтау үшін қоғамдық тәртіп пен сапалы қызмет көрсету талаптарын қатаң сақтауға тиіспіз», — деді әкімдік өкілдері. Электрокарлар — Түркістанның заманауи келбетін көрсететін маңызды көлік құралы. Алайда олардың қауіпсіздігі мен тәртіпке бағыныштылығы — заң талабы. Қала әкімдігінің бұл бағытта қолға алған кешенді шаралары Түркістанды жайлы әрі қауіпсіз туристік қалаға айналдыру жолындағы нақты қадам деуге болады. Көне мен жаңаның тоғысқан ордасында тәртіп пен мәдениет бірінші орында тұруы тиіс. Ал әкімдік пен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы — сол ұстанымды жүзеге асырудағы сенімді құрал.