ТҮРКІСТАНДА СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАРҚЫН АЛУДА

0

Түркістан қаласы — еліміздегі мәдени, рухани, әрі стратегиялық маңызы бар өңір. Соңғы жылдары Түркістанның әлеуметтік, экономикалық және инфрақұрылымдық даму қарқыны артқаны байқалады. Бұл серпінді үрдіс денсаулық пен спорт саласындағы инфрақұрылымға да ерекше назар аударылып отырғанын көрсетеді.

Осы ретте, қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының бастамасымен өңірде жаңа спорт кешендері бой көтеруде. Жақында қала басшысы М.Мақатаев көшесінде орналасқан жаңа спорт кешенінің құрылыс барысымен танысып, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Аталған нысан қала тұрғындарының дене тәрбиесіне, салауатты өмір салтын ұстануына жаңа мүмкіндік ашпақ. Құрылыс алаңы 826 шаршы метрді құрайтын бұл кешеннің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жоба Түркістан қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімі арқылы жүзеге асырылып, авторлық қадағалауын – «Сәулет-2050» ЖШС, техникалық қадағалауын – «ROYAL COMPANY» ЖШС жүргізуде. Құрылыс шілде айында аяқталып, тамыз-қыркүйек айларында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қала әкімі бұл нысанды тек құрылыс деп емес, дені сау ұрпаққа бағытталған ұзақмерзімді инвестиция деп қарау қажет екенін ерекше атап өтті. Өз сөзінде «Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы әрбір жоба – болашақ ұрпақтың денсаулығына жасалған инвестиция», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Бұдан бөлек, Әзімбек Пазылбекұлы мердігер мекемеге құрылыс сапасына ерекше мән беру, барлық техникалық нормалар мен қауіпсіздік талаптарын сақтау, жұмыс кестесіне сай мерзімді толық орындау қажеттігін қатаң тапсырды. Бұл – әкімдіктің бастамаларды есеп үшін емес, халықтың игілігі үшін жүзеге асырып отырғанын көрсететін нақты ұстанымы. Бүгінде Түркістан қаласында бір ғана нысан емес, бес спорт кешенінің құрылысы қатар жүріп жатыр. Оның ішінде екі нысан шілде айында пайдалануға беріледі. Қалған үшеуі жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бұл – қаланың барлық аудандарында тең спорттық мүмкіндік қалыптастыру, әсіресе жастар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау бағытындағы кешенді саясаттың жемісі.

Спорт инфрақұрылымын дамыту – тек саламатты өмір салтын қалыптастырумен шектелмейді. Бұл қала келбетін заманауи талапқа сай жаңарту, жастардың жат әдеттерден аулақ болуына жағдай жасау, ұлттық спорт пен бұқаралық спортты қатар дамыту, қоғамдық денсаулық көрсеткішін арттыру секілді кешенді міндеттердің бір тармағы. Түркістандағы жаңа спорт кешендері – осы міндеттердің нақты орындалып жатқанын көрсететін жобалар. Әзімбек Пазылбекұлының басшылығымен жүргізіліп жатқан бұл құрылыс бастамалары — қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымдық жаңғыруының көрінісі ғана емес, болашаққа жасалған ұтымды стратегиялық шешім. Түркістандық әрбір жас пен бала спортқа қолжетімді ортада тәрбиеленіп, елдің ертеңіне дені сау, рухы биік азамат болып өсуі — бүгінгі әрекетке байланысты. Ал мұндай нысандар – сол келешекке бастар жол.


ПІКІР ЖАЗУ