ЖОЛ САПАСЫ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиын қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, мердігер ұйымдардың жұмысы және қаладағы алты сектор бойынша өзекті мәселелерді шешуге арналды. Жиын барысында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талданып, орын алған кемшіліктерге нақты тоқталып, жауапты тұлғаларға шұғыл тапсырмалар берілді.
Қала аумағында бүгінде 875 көше мен 845 шақырым жол бар. Өткен жыл қорытындысы бойынша оның 50,3%-ы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде деп танылған. Алайда бұл көрсеткіш толық қанағаттанарлық емес. 2025 жылы қосымша 138,5 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл шаралар толық жүзеге асқан жағдайда, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7%-ға дейін артады деп күтілуде. Бұл — қалалық инфрақұрылым сапасын арттыру жолындағы маңызды меже. Жиын барысында қала әкімі жол жөндеу жұмыстарының қарқыны мен сапасына қатысты бірқатар сын-ескертпелер айтты. Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, жөндеу жұмыстары баяу жүргізілуде, ішкі көшелер назардан тыс қалып отыр, ЖСҚ әзірлеу мен бюджеттік жоспарлау кезінде жүйелі қателіктер жіберілуде. Бұл мәселелердің барлығы тұрғындардың наразылығын тудырып отыр әрі жол инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуға кедергі келтіруде.
2025 жылдың 27–29 мамыр аралығында өткен қоғамдық қабылдаулар барысында 171 мәселе көтерілсе, оның 52-сі — жол мәселесіне қатысты болған. Бұл — әр үшінші шағым жол инфрақұрылымының нашарлығына қатысты екенін көрсетеді. «Көшелер жөнделіп жатыр, жобалар жасалуда – бірақ тұрғын сұранысы мен жоспардың арасында байланыс жоқ. Асфальт төселсе де, жол белгілері уақытылы орнатылмай жатыр. Бұл — тікелей жол-көлік оқиғаларына алып келетін қауіп. Жол мен қауіпсіздік қатар жүруі керек», — деді қала әкімі. Осыған байланысты әкім жол жөндеу және қауіпсіздік шараларын біртұтас процесс ретінде қарастыруды, жол белгілерін орнату жұмыстарының кешіктірілмеуін қатаң тапсырды.
Аппараттық жиын барысында мониторинг және жедел әрекет ету орталығының жұмысы негізінде анықталған бірнеше мәселелер де талқыланды. Олардың қатарында қала аумағындағы ретсіз сауданы жою, заңсыз жарнамаларды ретке келтіру, салықтық түсімдерді арттыру, кәсіпкерлермен кері байланысты жүйелеу, депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарды тұрғындарға да қолжетімді ету мәселелері бар. Бұл бағыттарда қала әкімдігі тұрғындармен ашық диалог құру, цифрландыруды жетілдіру және әкімшілік тиімділікті арттыру жолында нақты қадамдар жасауда.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жиын қорытындысында барлық берілген тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауына алатынын мәлімдеді. Ол «Жол-көлік инфрақұрылымы, қоғамдық қауіпсіздік және қала тазалығы – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін басты бағыттар. Бұл мәселелерде салғырттыққа жол берілмейді» деп атап өтті. Түркістан қаласының дамуы — тек құрылыс пен көріктендіру емес, ең алдымен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді процесс. Жол — осы сапаның айқын көрінісі. Демек, әр шақырым асфальт — бұл жай ғана көлік қатынасы емес, тұрғынның қауіпсіздігі мен қолайлы тіршілігі.