ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНДЕ 2025 ЖЫЛДЫҢ 5 АЙЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Түркістан қаласында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, тұрғындардың өтініштерін уақытылы және тиімді қарау, сондай-ақ цифрлық жүйелерді енгізу мен орындаушылық тәртіпті күшейту мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың бір көрінісі ретінде Түркістан қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Әлібековтің төрағалығымен өткен 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытынды жиыны айқын мысал бола алады.
Аталған кеңесте қала әкімдігі мен оған қарасты мемлекеттік мекемелердің жұмысындағы жетістіктермен қатар, анықталған кемшіліктер мен заңбұзушылықтар кеңінен талқыланды. Бұл — әкімдік тарапынан тек есеп алу емес, нақты сапаға бағытталған талдауға бет бұрғанының көрінісі. Жиында «e-kyzmet» жүйесіндегі мониторинг, орындаушылық тәртіп, өтініштерді қарау, мемлекеттік қызмет көрсету, азаматтарды қабылдау және тәртіптік жауапкершілік секілді маңызды бағыттар талқыланды. Бұл салалар әкімдіктің тұрғындармен тікелей жұмыс жасайтын негізгі тетіктері болып саналады. Өтініштерді қарауды бақылау және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Мадина Байғұт және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ердәулет Төрехан баяндамалар жасап, атқарылған жұмыстардың есебін және орын алған мәселелерді ортаға салды.
Айта кету керек, қала тұрғындарының өтініштерін қарау – тек техникалық процедура емес, мемлекеттік аппараттың халықпен кері байланысын анықтайтын негізгі көрсеткіш. Сондықтан бұл бағытта уақытылы жауап беру, сапалы шешім қабылдау және заң талаптарына сай рәсімдеу – барлық мемлекеттік қызметкердің міндеті екені атап өтілді. Жиын барысында 2025 жылдың алғашқы 5 айындағы деректерге сүйене отырып, бірқатар кемшіліктер мен жүйелік олқылықтар анықталғаны мәлім болды. Бұл – әкімдік қызметінің формалды емес, аналитикалық бағытта талданғанын білдіреді. Нақтырақ айтқанда өтініштерді қарау мерзімін бұзу, ақпараттық жүйелерге уақтылы және толық дерек енгізбеу, орындаушылық тәртіптің төмен деңгейде жүргізілуі, жеке жауапкершіліктің жеткіліксіздігі секілді түйткілдер сөз болды. Бұған байланысты жиын қорытындысында тиісті бөлім басшыларына жеке жауапкершілік арттыру, жүйелі бақылау жүргізу, сондай-ақ ақпараттық жүйелермен жұмысты жетілдіру тапсырылды.
Мемлекеттік басқарудың сапасы тек құрылыммен емес, ондағы кадрлардың кәсіби деңгейімен және цифрлық жүйелерді меңгеру қабілетімен өлшенеді. Осы орайда, жиында қызметкерлердің кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыру, жаңа технологиялар мен әдістерді енгізу, сондай-ақ қызмет көрсету процестерін оңтайландыру қажеттігі баса айтылды. Бұл бағытта жүзеге асырылатын шаралар мыналар — мемлекеттік қызмет көрсету процестерін толығымен цифрландыру, e-kyzmet, egov, open akimat платформаларымен интеграцияны арттыру, әр сала маманының жеке цифрлық сауаттылығын жетілдіру, жүйелі қызметтік бақылау мен ішкі аудитті тұрақты жүргізу.
Түркістан қаласы әкімдігінің бұл бастамалары – кеңсеге байланып қалған мемлекеттік қызмет моделінен ашық, жауапты және есеп беретін басқару жүйесіне көшуге ұмтылыстың дәлелі. Мемлекеттік қызмет сапасының артуы – халықтың сенімі мен мемлекеттің беделінің өзегі. Ал бұл сенім әр өтінішке жауап беру мәдениетінен, әрбір шешімнің ашықтығынан және қызметкердің өз жұмысына деген адалдығынан қалыптасады. 2025 жылдың алғашқы бес айындағы жұмыс қорытындысы көрсетіп отырғандай, Түркістан қаласы әкімдігі ашықтықты, сапаны және нәтижені басты бағдар етіп отыр. Бұл – заманауи мемлекеттік басқарудың келбеті.