КӨГАЛДАНДЫРУ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағын көгалдандыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру бағытындағы жұмыстарға арналған жұмыс жиыны өтті. Басқосуға қала әкімінің кеңесшілері, тиісті бөлім басшылары, коммуналдық мекемелер мен мердігер ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – қалада жүргізіліп жатқан жасыл желекке күтім жұмыстары мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысын саралау, алдағы міндеттерді айқындау болды. Жиын барысында жауапты мекемелер қала аумағындағы 60-тан астам жасыл желек аймағына жүргізілген жұмыстар туралы есеп берді. Атап айтқанда, шөп шабу, жасыл желектерді суару, қураған ағаштарды кесу, олардың орнына жаңа көшеттер отырғызу шаралары тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар тұрғын үй кешендері маңындағы аумақтарды көгалдандыру жұмыстары да жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

Жиын барысында инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі, әсіресе суғару жүйелерінің тиімділігі, қала көшелеріндегі абаттандыру жұмыстары, арық-атыздар жүйесінің жағдайы секілді мәселелер де кеңінен талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар қала дамуының маңызды элементі ретінде қарастырылып, ұзақмерзімді шешімдерді талап ететіні атап өтілді. Кездесу соңында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық жауапты мекемелерге жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін баса айтты. Ол «Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасау — біздің басты міндетіміз. Әрбір атқарылатын жұмыс халықтың өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, көгалдандыру мен инфрақұрылым мәселелерінде жүйелілік пен жауапкершілік болуы тиіс» деді.

Бұл жиын – Түркістан қаласының тұрғындарға қолайлы, экологиялық таза әрі заманауи стандарттарға сай орта қалыптастыру жолында нақты қадамдар жасап отырғанының айғағы. Жасыл желек пен инфрақұрылым – жай ғана сыртқы көрініс емес, ол — халықтың өмір сапасы мен қаланың даму деңгейінің көрсеткіші. Түркістан қаласы әкімдігі осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейтіп, жасыл қала – жайлы қала ұстанымын нақты істермен жалғастыруды көздеп отыр.


ПІКІР ЖАЗУ