ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ СӘУЛЕТТІК КЕЛБЕТІ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

0

Түркістан қаласының қарқынды дамуы мен сәулеттік үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Жиынға қала әкімінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Байдулла Оразбеков, облыстық және қалалық басқарма басшылары, жетекші сәулетшілер, жобалаушы ұйымдар мен инвесторлар қатысты.

Мәжілісте қала аумағындағы жаңа құрылыс жобалары мен абаттандыру жұмыстарына байланысты бірқатар өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Кеңес отырысында талқыланған 12 жоба – Түркістан қаласының әлеуметтік және экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, сәулеттік бірегейлігін жаңғыртуға бағытталған нақты бастамалар. Талқыланған жобалардың ішінде №29 және №30 блоктарда бой көтеретін 5 қабатты тұрғын үй кешендері – халықты қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған. Жаңа сауда орталығы – шаһар экономикасының жандануына ықпал ететін бизнес нысан. «Алтын дәм» наубайханасы – азық-түлік өндірісі мен ішкі нарықты тұрақтандыру бағытындағы кәсіпкерлік жобасы. Жаңа қонақ үй мен тұрғын үй кешені – туристік инфрақұрылым мен урбанизацияны қолдауға арналған. Балалар ойын-сауық орталығы – балғындар үшін қолайлы демалыс аймағы. KFC брендіне арналған жарнама құрылғысы – халықаралық стандарттағы коммерциялық коммуникацияны дамытудың бір көрінісі.

Кеңесте ерекше назар аударылған жобалардың бірі — Қазақ хандары мен Түркі ойшылдарына арналған саябақ. Бұл жоба Түркістанның тарихи, рухани және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған. Жоба аясында ұлт көшбасшылары мен рухани тұлғаларға арналған ескерткіштер, ақпараттық стендтер, ландшафттық композициялар мен тынығу аймақтары бой көтермек. Сондай-ақ, әлеуметтік дүкен ашу бастамасы кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды. Бұл жоба әлеуметтік осал топтарға азық-түлікті төмен бағамен ұсыну арқылы әлеуметтік қолдау тетіктерін кеңейтуді көздейді. Ал Ж.Майкотов, Қала би, О.Жарылқапов көшелерін абаттандыру жобалары – қаланың ішкі инфрақұрылымын жаңартуға және көше эстетикасын жақсартуға бағытталған. Қала құрылысы кеңесінің басты міндеттерінің бірі – әрбір құрылыс пен нысанның қаланың тарихи келбеті мен қазіргі заман талабына сай үйлесуін қамтамасыз ету. Бұл ретте, жоба ұсыныстары функционалдық тиімділігімен қатар, сәулеттік реттілікке, қоғамдық кеңістікті сақтау мен дамытуға баса мән берілді. Кеңес барысында қатысушылар инфрақұрылымдық сәйкестік, көлік және жаяу жүргінші қозғалысы, көгалдандыру, эстетикалық үйлесім секілді аспектілерге қатысты нақты ұсыныстар айтты.

Жиын қорытындысы бойынша ұсынылған жобаларға қатысты нақты шешімдер қабылданып, жобалаушы ұйымдарға бірқатар түзету, жетілдіру және қайта қарау бойынша ұсынымдар берілді. Қала басшысы сапалы құрылыс пен сәулеттік үйлесімділік – Түркістанның тұрақты дамуының кепілі екенін баса айтты. «Түркістан – тек көне шаһар емес, болашақтың да қаласы. Әрбір нысан – осы болашақтың бір бөлшегі. Сондықтан біз құрылыс пен сәулет жобаларында тарихи келбетті сақтап, заманауи талаптарды қатар ұстануымыз керек», – деді Әзімбек Пазылбекұлы. Қала құрылысы кеңесі алдағы уақытта да инвесторлар мен сәулетшілердің ұсыныстарын кәсіби тұрғыда сүзгіден өткізіп, қаланың келбеті мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдауды жалғастырмақ. Бұл – Түркістанды халықаралық деңгейдегі тартымды қалаға айналдыру жолындағы жүйелі және ашық басқарудың көрінісі.

 


ПІКІР ЖАЗУ