ТҮРКІСТАН ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІН ӨЗ БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ

Түркістан қаласының даму бағыты — тек ғимараттармен емес, тұрғындардың мәселесін шешумен өлшенуі керек. Соңғы аптада қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы осы қағидатты нақты іс жүзінде дәлелдеп берді. Әкім қаладағы алты сектордың тұрғындарымен бетпе-бет кездесіп, 179 мәселе мен 73 жеке өтінішті қабылдады. Бұл кездесу әкімдік пен халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, «тыңдай алатын билік» қағидатын нақты жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болды.
Әдетте әкімдердің тұрғындармен кездесулері формалды сипатта өтеді деген сын жиі айтылады. Алайда Түркістанда бұл жолғы диалог нәтижесіз қалған жоқ. Кездесуде айтылған мәселелерді әкім өз көзімен көріп, нақты тапсырмалар беруді мақсат етті. Жаңа қаланың 11-көшесі мен 9-көшедегі бірнеше тұрғын үй кешеніне арнайы барып, құрылыс сапасына қатысты айтылған ескертулерді тексерді. Мәселен, №17/2, №28/1, №38/2, №38/3, №40/4 мекенжайларындағы үйлерді аралап шыққан әкім мердігер ұйымдарға жертөледегі суды сору, қоқысты шығару, балалар алаңшаларын жөндеу сынды нақты тапсырмалар берді. Әзімбек Пазылбекұлы ескі шағымдардың қағаз бетінде қалуына жол бермейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айталық, Есімхан көшесі бойындағы арықша үстіне көпір орнату, мектеп ауласын шөптен тазарту, үй қасбеттерін жөндеу, мрамор мен брусчаткаларды ауыстыру және жарық шамдарын қалпына келтіру сынды жұмыстар бұл аптадан бастап іске асырылады. Бұл тек ағымдағы жөндеу емес, қалалық орта сапасын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған нақты іс-шаралар кешені.
Көтерілген 179 мәселенің ішінен бірнешеуін топтастыра қарастырсақ, келесі түйіндер шығады — инженерлік инфрақұрылым: жертөледегі сыз, дренаж жүйесінің әлсіздігі, қалалық эстетика — үйлердің қасбеттерінің тозуы, жарық шамдардың істен шығуы, тротуар плиткаларының бүлінуі, балалар алаңшаларындағы ақаулар, өрт дабылдарының болмауы, жабайы шөптің өсуі, көгалдың күйіп кетуі. Бұл проблемалар қала тез дамып жатқанына қарамастан, кейбір негіздік жүйелер назардан тыс қалып отырғанын көрсетеді. Дегенмен әкімдік бұл проблемаларды уақытылы мойындап, дер кезінде әрекет ете бастағаны — оң үрдіс. Түркістан қаласының әкімдігі әрбір айтылған мәселенің орындалу барысын бақылауға алғанын мәлімдеді. Бұл ретте сектор басшылары, мердігерлер мен жауапты бөлімдерге нақты мерзім мен орындау алгоритмі жүктелген. Мұндай тәсіл бұрынғы бюрократиялық кедергілерден арылуға мүмкіндік береді. Бюджет қаржысының әр тиыны есепке алынатын қазіргі кезеңде, әкімнің тұрғындармен ашық форматта жұмыс істеуі — халық сенімін арттырудың тиімді жолы.
Әзімбек Пазылбекұлының қала тұрғындарымен тығыз байланыс орнатуы — Түркістанда басқару мәдениетінің жаңа кезеңі басталғанының белгісі. Бұқарамен бетпе-бет сөйлесу арқылы шынайы проблемаларды анықтау, оларды дер кезінде шешу — нағыз көшбасшылықтың көрінісі. Қала — тірі ағза. Оның денсаулығы — инженерлік желілер мен ғимараттарда ғана емес, сол қалада өмір сүріп жатқан адамдардың күнделікті жай-күйінде. Бұл жолғы кездесулер мен тексерулер Түркістанда қағаз жүзіндегі емес, өмірмен байланысты басқару жүйесінің бар екенін айқын көрсетті. Түркістан — тек тарихтың емес, жауапкершілікпен құрылған келешектің де қаласы болуы тиіс.