ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫ

Бүгінгі заман – жаһандану үдерісімен қатар, ұлттық болмысты сақтау, рухани жаңғыру бағытын қатар жүргізуді талап ететін кезең. Осы ретте дәстүрлі өнерді ұрпақ жадында сақтап, оның қадір-қасиетін таныту – аса маңызды міндет. Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен «Дәстүрін дәріптеген Әз – Түркістан» атты өнер фестивалі осы міндетке жауап беретін, ұлттық рухты жаңғыртқан мазмұнды шара болды.
Фестиваль Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы» Заңы аясында, әрі Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Бұл тек мерейтойлық рәсім ғана емес, руханиятты, өнерді, тарихи жадымызды жаңғыртуға арналған терең мағыналы мәдени оқиға. Фестивальдің басты мақсаты – Түркістанның тарихи, мәдени, рухани келбетін көрсету, өңірден шыққан дарынды өнерпаздарды дәріптеу, ел бірлігін, халықтар достығын нығайту, сондай-ақ еңбек адамдарының бейнесін өнер арқылы насихаттап, жастарды ұлттық тәрбиеге баулу. Фестивальдің ашылу салтанатында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы сөз сөйлеп, Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне тоқталып, дәстүрлі өнердің мәні мен маңызын атап өтті. Бұл – билік пен халық арасындағы рухани сабақтастықтың көрінісі. Фестивальге Қазақстанның халық әртістері мен дәстүрлі өнер майталмандары қатысты. Олардың қатарында ұлттық ән өнерінің беделді өкілдері Рамазан Стамғазы мен Айгүл Қосанова, жыршылық мектептің серкелері Жакен Омаров, Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай, Аязбек Рустамов және Руслан Ахынбеков, сондай-ақ термеге жан бітірген шеберлер – Оразәлі Жаңабай, Мұхамедәлі Бекпейісов, Әлімжан Серікбаев бар. Күй өнері де бұл шарада айрықша орын алды. Дәулескер күйшілер Шыңғыс Исаев пен Жандос Кулумбетов домбыра үнімен елдің жүрегін тербеді. Бұл – ұлтымыздың ең ежелгі музыкалық мұрасы – күй дәстүрінің қазіргі заманмен үндесіп, жаңарып жатқанын көрсетті.
Фестиваль аясында тек өнер көрсетіліп қойған жоқ, ол – дәстүрлі ән, жыр, терме, күй арқылы ұлт рухының жаңғыруы, бабадан қалған аманаттың жалғасын табуы еді. Әсіресе, еңбек адамдарының бейнесін жырға қосу – өнердің әлеуметтік сипат алып, халық тіршілігімен үндесе бастағанының белгісі. Бұл бағыт – Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауымен үндесіп, мәдени саясат пен әлеуметтік саясаттың түйіскен тұсын айқын көрсетті. Көрермендер үшін бұл шара ұмытылмас әсер қалдырды. Жас ұрпақ ұлттық өнердің тереңдігін, тәрбиелік мәнін түсініп, үлкендер буыны халық мұрасының тірі күйінде сақталып келе жатқанына қуанды. Ұлттық өнерге деген ықылас артып, халықтың рухани серпілісіне себеп болды. «Дәстүрін дәріптеген Әз – Түркістан» фестивалі – рухани жаңғырудың жарқын үлгісі. Түркістан төрінде өткен бұл мәдени шара – тек ән мен күй кеші емес, бұл – өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір, болашаққа бағытталған рухани бағдар. Осындай басқосулар арқылы ұлттық өнер мәңгі жасайды, ұрпақ жадына сіңеді, елдік сананың өзегі бола түседі.









