ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕСКЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

0

XXI ғасыр – ақпарат пен технология заманы. Алайда цифрлық мүмкіндіктер қаншалықты жылдам дамыса, онымен бірге жаңа қылмыс түрлері, соның ішінде интернет-алаяқтық та өршіп келеді. Бұл — тек технологиялық қауіп емес, қоғамдық сенім мен азаматтық қауіпсіздікке төнген үлкен қатер. Осыған орай Түркістан қаласында арнайы жиын өтіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесі күн тәртібіне қойылды.

Жиын Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен, қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев пен қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаевтың қатысуымен өтті. Бұл — қалалық деңгейде цифрлық қауіпсіздікке қатысты ұйымдастырылған маңызды шаралардың бірі. Қала прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы алты айында Түркістан қаласында 85 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Ал өткен жылы 116 қылмыс анықталған. Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 406-ға жеткен. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл — жүздеген тұрғынның алданып, материалдық және моральдық шығынға ұшырауы. Әсіресе, цифрлық технологияларды толық меңгермеген, егде жастағы азаматтар мен жастар жиі құрбандардың қатарына кіреді. Жиында қала прокурорының орынбасары О. Мусаев, полиция басқармасының өкілдері Е. Оралбаев пен Ж. Жақай баяндама жасап, алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдерін атап өтті. Олар — банк қызметкері ретінде хабарласу,  жалған ұтыс ойындары, онлайн-сатылымдар мен жеңілдіктерді желеу ету, «Танысыңыз тұтқындалды» не «несие рәсімделді» деген жалған ақпараттар арқылы қорқыту. Бұл әдістердің бәрі – азаматтардың эмоциялық жағдайын пайдалану арқылы сенімге кірудің психологиялық механизмдеріне негізделген.

Мәжіліс барысында алаяқтық қылмыстарының өршуіне басты себеп ретінде тұрғындардың цифрлық қауіпсіздікке бейжай қарауы атап өтілді. Көп жағдайда адамдар күмәнді сілтемелерге өтеді. Бейтаныс нөмірлерге жеке деректерін айтады. Онлайн саудада алаяқтарға алданып қалады. Бұл ақпараттық сауаттылықтың жеткіліксіздігін көрсетеді. Сондықтан құқық қорғау органдарының профилактикалық жұмыстары мен әкімдік тарапынан түсіндіру шараларын күшейту қажеттігі туындап отыр. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жиын барысында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізуді, білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында арнайы сабақтар мен тренингтер өткізуді, құқық қорғау органдарымен бірлескен ақпараттық науқандар ұйымдастыруды тапсырды. Бұл цифрлық қылмысқа қарсы күресті тек құқықтық деңгейде емес, әлеуметтік, тәрбиелік деңгейде де ұйымдастыру қажет екенін көрсетеді.

Интернет-алаяқтықтан қорғану үшін қарапайым сақтық шараларын білу өте маңызды. Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды ашпаңыз. Тек ресми сайттар арқылы төлем жасаңыз. Бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін жолдамаңыз. Қауіпсіздік жайында балалар мен қарттарға жиі ескертіп отырыңыз. Түркістан қаласында өткен жиын — қоғамның цифрлық қауіпсіздігін сақтау жолындағы жүйелі бастаманың бір бөлігі. Интернет-алаяқтық – тек жеке адамның мәселесі емес, жалпыұлттық ақпараттық қауіпсіздікке әсер ететін құбылыс. Сол себепті оған қарсы күрес те барша қоғамның ортақ міндеті. Цифрлық дәуірде қауіп тек сырттан емес, экранның ар жағынан да келуі мүмкін. Сондықтан Түркістан секілді дамып келе жатқан қалаларда мұндай қауіпке қарсы тұрудың тетіктері уақытылы қолға алынуы стратегиялық тұрғыдан өте маңызды.


ПІКІР ЖАЗУ